«Аgrofest Тurkistan — 2024» ауыл шаруашылығы байқауында Сайрам озат аудан атанды

Сайрам озат

Бүгін Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, «AGROFEST TURKISTAN — 2024» мерекелік іс-шарасы салтанатты түрде аталып өтілді. Айтулы мереке барша ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің дәстүрлі мейрамы ретінде жыл сайын тойланып келеді.

Мерейлі жиында өңір басшысы ауыл шаруашылығындағы жеткен жетістіктерді атап, аталған сала еңбеккерлерінің толағай табыстарына ерекше тоқталды. Және облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда, негізгі капиталға инвестиция тартуда алғашқы үштікке еніп, үздіктер қатарынан көрінген аудан, қала әкімдерін облыс әкімінің дипломымен марапаттады.

Солардың қатарында, бүгінгі мерекеде қайта өңдеу саласын дамытуда 13 көрсеткіш бойынша көш бастаған, жалпы өнім көлемі 108,7 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 129,8 пайызға жетіп, облыстық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз еткен Сайрам ауданы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қазығұрт ауданының еңбеккерлері еншілесе, үшінші орын Жетісай ауданына бұйырды.

Бұдан бөлек, Сайрам ауданынан «Gen Group» ЖШС-нің директоры Алиев Ислам Илимдарович Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Сайрам ауданы, «GLOBUS PLUS» ЖШС-нің директоры Елеубаев Талғат Саматұлы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, ет өнімдерін экспорттауда Сайрам ауданы «On Export» озат агроқұрылым ретінде танылып, ЖШС директоры Зұлпықаров Әділет Хайруллаұлы марапат төрінен көрінді.

Агрофестиваль аясында аудан шаруалары өз өнімдерін ұсынса, аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің талантты өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, ауданда ағымдағы жылы 3 000 тонна ірі қара мал, 120 тонна қой етін Өзбекстан, Иран және Тәжікстан елдеріне экспортталды.

Барлық ауыл шаруашылығының жанқиярларын қол жеткен табыстарымен құттықтаймыз! Ауданымызды дамытуда жаңа табыстарға жете бергей! Мерейлі мереке, сенімді жеткен жеңіс құтты болсын!