Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Республика күні ұлттық мерекесіне орай этнос жастары арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өтті.
Аталған байқау Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатында сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева байқаудың қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы рөліне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жыл басынан бері бастау алған «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аудан, қалаларда 7 номинация бойынша өткізілді.
Сайрам ауданындағы Далабазар жалпы білім беру мектебінің 7 сынып оқушысы Нематжанова Яйрахон Шарифжановна қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы аясында ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан әлеуметтік желіде (Instagram) жарияланған челлендж қорытындысымен жүлделі ІІ орынды алды.
«Жарқыра, жас дарын!» байқауына Сайрам ауданында орналасқан №100 жалпы білім беру мектебінің 7 сынып оқушысы Туйчибекова Шохруза Гуламжановна,
«Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсқа Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебі ЖШС-нің 9 сынып оқушысы Кигилева Диана Николаевна қатысты.
Жас таланттардың шеберлігін шыңдаған байқауға өз саласының білгірлері, мәдениет, өнер саласының майталман мамандары қазылық етті.
Әділқазылар мүшелері қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымына, актерлік шеберлігіне, таңдап алынған шығарманың ерекшелігіне мән берді.
“ Өнерлі өрге жүзер” байқауында өнер көрсеткен мақтааралдық Ибадуллаева Лабор Закиржонқызы жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың атынан Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.