Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға

Ата-ана

Аудандық білім беру мекемелерінде жұмысшы топ мүшелерінің қатысуымен оқушылардың ата-аналарымен кезекті кездесулері ұйымдастырылуда.

Ата-аналардың кездесуіне зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, аудандық мәслихаттың депутаттары, жастар және «Жастар ресурстық орталығы» және білім бөлімінің қызметкерлері қатысуда.

Мақсат – жасөспірімдерді жат қылықтардан сақтандыру, құқықбұзушылық пен ерте жүктіліктің алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. Ата-аналарға балалардың сабақ үлгерімін қадағалау, бос уақытын тиімді пайдалану, ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерін бақылауда ұстау қажеттігі түсіндірілуде.

Аудан әкімдігімен бекітілген кестеге сай, Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Кәусар- Бұлақ орта мектебі» ЖШС-інде, содан кейін Қарамұрт ауылдық округіндегі №6 Киров атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Баланың болашағы – дұрыс бағытта» тақырыбында жасөспірімдердің қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттап, тәрбиенің маңыздылығы талқыланды.

Топ мүшесі А.Маннанов сөз сөйледі.

— Қазіргі уақытта бала тәрбиесінің табысты болуы ата–аналардың ынтымақтастығына, отбасы мүшелерінің өзара қарым–қатынасына, көзқарастарының және мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ол үшін ата–аналар күнделікті өмірде балаларының мінез – құлқына, қажетті қасиеттердің қалыптасуына назар аударуды, тәрбие үрдісінде теріс қылықтарды болдырмауды ойластыруы шарт. Отбасында тәрбие ісімен айналысу үшін, ең алдымен ата–ана өз өмірін, өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет.

Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс-әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып отыру үшін қажетті жағдай жасау керек.

Айта кету керек, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді Әл — Фараби. Сонымен сөз соңында айтарым, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата-аналар болып қолға алсақ болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.

Тәрбиеге қатысты жиындар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.