Түркістанның қала күні мерекесінде мәдениет пен өнер салтанат құрды

қала күні

Түркістан қаласында өткен Қала күні мерекесі қаланың бай мәдени мұрасын дәріптеп, тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылып, оның шымылдығы «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблінің күмбірлеген күйлерімен ашылды. Бұл шара түркі әлемінің мәдениетін жаңғыртып, қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық өнермен таныстырды.

Кітапхананың кіреберіс фойесінде Түркістанның тарихи келбетін бейнелейтін фотосуреттер көрмесі мен қолөнер бұйымдары қойылды. Қала тарихы мен мәдениетін тереңірек таныту мақсатында ағаш, тоқыма, зергерлік, құм, жүн және киізден жасалған бұйымдар ұсынылды. Көрмеде қазақ халқының дәстүрлі қолөнері мен ұлттық өнері кеңінен көрсетілді, бұл келушілерге ерекше әсер қалдырды.

Мерекенің басты сәттерінің бірі – Түркістанның өткенінен қазіргі күнге дейінгі аралықты көрсететін бейнеролик болды. Қала тарихының көрінісін көрсету арқылы шараға келгендер Түркістанның өткенін, мәдениетін және бүгінгі даму жолын қайта бағалап, тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Бұдан кейінгі бағдарламада әуезді әндер мен би қойылымдары, сондай-ақ театрландырылған көріністер болды.

Қала әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы мерекеге қатысушыларды құттықтап, қала дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Марапаттау рәсімі Түркістан қаласының еңбегі сіңген тұлғаларын таныту мақсатында өткізілді.

Мерекелік іс-шарада қалалық өнімдер мен дәнді дақылдар да көрмеге қойылды. Сонымен қатар, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының әжелері келген қонақтарға шашу шашып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртты. Мерекенің сәнін келтірген тағы бір ерекше оқиға – ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған дефиле шоуы болды. Бұл көрсетілімде қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрі кеңінен таныстырылды.

Шараға зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары мен «Әжелер алқасының» мүшелері қатысты. Олар өздерінің қатысуымен Түркістанның мәдени өміріне өз үлестерін қосып, қаланың өнері мен мәдениетін жоғары бағалады.

Түркістан қаласының Қала күні мерекесі – қаланың мәдениетіне, тарихына және ұлттық дәстүрлеріне деген құрметтің көрінісі болды. Бұл шара тұрғындарға өз қаласын танып-біліп, оның бай мұрасын бағалауға мүмкіндік берді.