Түркістанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жаңа бастамалар қолға алынды

ерекше қажеттіліктері

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау мен олардың толыққанды қоғам мүшесі болуына жағдай жасауға үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз». Осы ұстаным аясында Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілуде.

Түркістан қалалық әкімдігі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсету мақсатында бірқатар маңызды қадамдар жасады. Олардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау үшін ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ерекше орын алады. Бұл орталық азаматтарға қолдау көрсетумен қатар, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген бағдарламаларды жүзеге асыруда. Бүгінде орталықтың Бекзат мөлтек ауданында филиалы ашылып, қызмет ауқымы кеңейтілді.

Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақытын тиімді өткізу, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік гранттарға қол жеткізу, біліктілігін арттыру сияқты шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, осы салада әлеуметтік кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар да белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, Түркістан қаласында 220 мүмкіндігі шектеулі баланы қамтыған «Жұлдызды сәт» мега жобасы іске асырылып, ерекше балалардың шығармашылығын қолдау мен дамытуға бағытталған көптеген іс-шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар, «Интеллект» жобасы аясында ерекше жандар үшін куиз өткізу бастамасы қолға алынып, бұл жобаның аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың білімін арттыру мен оларға психологиялық көмек көрсету мәселелері қарастырылған.

Қала әкімдігі тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандармен байланыс орнату үшін тұрақты кездесулер ұйымдастырылып, олардың ұсыныстары мен талаптары тыңдалады. Осы бағыттағы жұмыс кешенді түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, әлеуметтік салада ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жағдайын жақсартуды басты міндет ретінде қарастырады.

Әкіммен өткен кездесуге «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы Шалтан Еркінбай Керімбайұлы, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы төрайымы Әйтек Зауре Әбдіразаққызы, «Туа біткен саңлау мылқау қоғамы» қауымдастығының өкілі Ғуламов Бунед және «Тең қоғам» орталығының қызмет алушылары қатысты. Олар өздері ұсынған жобалар мен бастамаларды қала басшысына таныстырып, қоғамдық өмірде ерекше жандардың мүмкіндігін арттыру жолында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен жұмыс жүргізуде оң өзгерістерге қол жеткізілетінін айтып, алдағы уақытта да әлеуметтік салада жаңа бастамаларды қолға алуға дайын екенін мәлімдеді. «Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдайды жасауға міндеттіміз. Олардың қоғамға интеграциялануы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін әкімдік барлық күш-жігерін салады», – деп атап өтті қала әкімі.

Түркістан қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жобалар мен бастамалар жылдан жылға көбейіп, оларды қоғаммен интеграциялауға бағытталған шаралар нәтижелі түрде жүзеге асуда. Бұл үрдіс Қазақстанның әр өңірінде, оның ішінде Түркістанда да жалғасын тауып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өмір сүру деңгейін жақсарту мен оларға толыққанды әлеуметтік жағдай жасауға зор ықпал ететін болады.