Кез келген жұмыс беруші қызметке қабылдау кезінде дарынды, білімді және озық ойлы, қабілетті азаматты жұмыста көргісі келеді. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет саласына үміткер азаматтарды қабылдау барысында конкурстық іріктеу жүйесі арқылы ең үздік үміткер таңдалады.
Мемлекеттік қызметтің өзіне тән ауыр тұстары болғанымен қызықты жақтары мол. Осы арқылы әрбір мемлекеттік қызметші өзіне үлкен тәжірибе жинақтайды. Сондықтан да, өз ісінің шебер маманы болу үшін жұмыс барысында қызметші өзін-өзі дамытуға, құзыреттілігін арттыруға, өзінің міндеттерін адалдықпен атқарып, ерекше маңызды тапсырмаларды жоғары нәтиже көрсетіп орындауға ынталануы қажет.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы Заңында «меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету» деп танылады.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024 жылға арналған операциялық жоспарына сәйкес, меритократия принципін сақтау деңгейі 2024 жылы 63,7% болуы көзделген.
Бүгінде, Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарында 39 қызметшісінің 26 қызметшісі (66,6%) жоғары лауазымға тағайындалған. Атап айтқанда, 3 қызметші басқарма басшысы, 5 қызметші басқарма басшысының орынбасары, 9 қызметші бөлім басшысы, 3 қызметші бас маман және 2 қызметші аудан әкімінің орынбасары лауазымдарына бір саты ілгерілегенін көруге болады.
Мемлекеттік қызмет – бұл азаматтардан тек кәсіби дағдылар мен білімді ғана емес, сонымен қатар өз еліне деген жауапкершілік пен адалдықтың жоғары деңгейін талап ететін жауапты және мағыналы жол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы А.Нұрғали