Шымкент әуежайы жаңа терминалының ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ президенті Владимир Денисов қатысты. Ресми іс-шаралар шеңберінде терминал залдарын аралау, «Астана – Шымкент» бағытындағы алғашқы рейсті қарсы алу, рейстің шығуы ұйымдастырылды.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық мәні айрықша екенін атап өткен болатын.
Жаңа терминал қаланың экономикасына өз үлесін қосып, транзиттік әлеуетімізді күшейтеді » – деді қала әкімі.
Мегаполис басшысы жобаға еңбек сіңірген азаматтарға алғысын білдірді.
Ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешен сағатына 2000 жолаушыға қызмет көрсете алады. Жобаға 24 миллиард қаржы жұмсалды. Соның арқасында барлық халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, жайлы және технологиялық инфрақұрылым нысаны бой көтерді. Бұл жолаушылар ағыны мен ұшу географиясын арттыруға және 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи талапқа сай қолайлы, жылдам қызмет көрсетіледі.
Алғашқы кезеңде терминалда «SCAT» әуе компаниясының күндізгі ішкі рейстері ұйымдастырылады. Жақын арада «Air Astana» және «Fly Arystan» әуе компанияларының рейстері де осы терминалға ауыстырылады. Сондай-ақ, халықаралық авиатасымалдаушылармен тарифтік саясат және ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал халықаралық сектор мен транзиттік аймақты ашу келесі жылдың басына жоспарланған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі