Инфрақұрылымдық серпін және заманауи көлік жүйесі

Инфрақұрылымдық серпін

Шымкент қаласы қарқынды дамып, инфрақұрылымды жаңарту мен көлік қатынасын оңтайландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қаладағы автокөлік санының жыл сайын артуына байланысты жол құрылысы, жөндеу және көлік жүйесін жаңғырту басты назарда. Осы мақсатта 2024 жылы 59,5 шақырым жолды қамтитын 20 нысанда құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, маңызды магистралды жолдардың бірі – А-2 айналма жолының 4-кезеңі, Оңтүстік айналма жолы, Өтегенов көшесінің жалғасы, Қонаев даңғылының 6-кезеңі пайдалануға берілді.

2025 жылы бұл жұмыстар қарқын ала түспек. Жалпы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда құрылыс жүргізіліп, көлік қозғалысының тиімділігі мен қауіпсіздігі арттырылады. Сонымен қатар, Қонаев даңғылы, А-2 айналма жолы, Алтынсарин көшесі және басқа да маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Бұл бастамалар қаладағы көлік кептелісін азайтып, жол сапасын жақсартуға бағытталған.

Жол инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында 2024 жылы 1 көпір, 6 көше немесе 17,1 шақырым күрделі жөндеуден өтті. Жол төсемін жаңарту, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, су ағару жүйелерін орнату және жарықтандыру жұмыстары қатар жүргізілді. Сондай-ақ, 209,9 шақырымды құрайтын 304 көшеде орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. 2025 жылы бұл көрсеткіштер артып, 88 шақырым жол жаңартылмақ.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де басты назарда. 2024 жылы 100 шақырымнан астам аяқжолдар жаңартылып, халыққа жайлы жағдай жасалды. Балалар теміржолының орнына заманауи веложол мен жаяу жүргіншілер аймағы ашылып, ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын жаңа серуен аймағы пайдалануға берілді.

Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер бар. «Avtobys» электронды билеттендіру жүйесі енгізіліп, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалды. Көлік қозғалысын оңтайландыру үшін 43 бағдаршам орнатылып, ITS (Интеллектуалды көлік жүйесі) 247 бағдаршамға енгізілді. Бұл жүйе кептелісті азайтып, жол қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді.

Қаланың қауіпсіздігі үшін 50 жерде заманауи жарықтандырылған жол белгілері орнатылып, қоғамдық орындар ерекше бақылауға алынды. Сондай-ақ, 1237 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылып, 2025 жылы бұл көрсеткіш толықтай қамту деңгейіне жеткізіледі.

Жолаушылар үшін 877 жаңа аялдама орнатылып, олардың жалпы саны 2395-ке жетті. 600 аялдама қазақ тіліндегі жазулармен жарықтандырылып, ақпараттық тақтайшалар қойылды.

Шымкент қаласының жол инфрақұрылымы қарқынды дамып, көлік қозғалысын ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Алдағы жылдары бұл жұмыстар жалғасып, қала тұрғындары үшін жаңа, заманауи және қолайлы көлік жүйесі қалыптастырылмақ.