Сапалы ауыз су – адам өмірінің негізгі тіректерінің бірі. Ол тек шөлді қандыру құралы ғана емес, сонымен қатар халық денсаулығының, тұрмыс деңгейінің, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі болып табылады. Осы себепті тұрғындарды қауіпсіз әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету – кез келген ел үшін стратегиялық маңызы бар міндет.
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай мемлекет болғанымен, кейбір өңірлерде таза ауыз суға қолжетімділік әлі де толық шешімін таппаған мәселе. Ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың бір бөлігі құдықтан, ашық су көздерінен немесе тіпті тасымалданатын суды тұтынуға мәжбүр. Бұл жағдай өз кезегінде жұқпалы аурулардың таралуына, балалар мен қарттардың денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.
Мемлекет бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, «Ауыз су», «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында су құбырларын тарту, тазарту қондырғыларын орнату, ауыл-аймақтарды сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңарту секілді жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар, су сапасына бақылау жасау жүйелері жетілдіріліп, халыққа қолжетімді әрі сенімді ауыз су көздерін пайдалану мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Алайда бұл мәселені шешуде бір ғана мемлекеттің әрекеті жеткіліксіз. Әрбір азамат суды үнемдеуді, ластамауды, суды дұрыс пайдалануды үйренуі қажет. Су – шектеулі табиғи ресурс. Оны қорғау – бәрімізге ортақ міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Келес ауданы бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның ішінде Бірлік ауылдық округінде ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Бүгінде Бірлік ауылдық округіне қарасты үш елді мекен – Бірлік, Жаңатіршілік және Қосөткел ауылдарында орталықтандырылған ауыз су құбырлары тартылып, тұрғындар сапалы таза ауыз сумен қамтылды.
Атап айтқанда, Қосөткел елді мекенінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен «Эска Строй Проект» мекемесі тарапынан жер асты суына барлау жұмыстары жүргізілді. Жер асты суы 1000 метр тереңдіктен шығарылып, ауыл аумағында «Омега» су тазарту құрылғысы орнатылды. Бұл құрылғы ауыл тұрғындарын сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
Биыл Жаңатіршілік елді мекенінде ауыз су ұңғымасынан алынған судың сапасына байланысты аудандық «Келес Қызмет» коммуналдық мекемесі тарапынан қосымша су тұнытқыш резервуар орнату көзделуде. Сонымен қатар қайта ұңғыма қазу мақсатында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ресми ұсыныс хат жолданды. Ал Үшағаш елді мекенінде ауыз су ұңғымасына қосымша су сүзгі (фильтр) орнату жұмыстары 2025 жылдың жұмыс жоспарына енгізілген. Бұдан бөлек, Қосөткел елді мекенін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, биыл құрылыс жұмыстары басталады.