Қауіптің алдын алу – қауіпсіз болашақтың кепілі

Қауіптің алдын алу

Түркістан облысы еліміздегі табиғи және техногендік қауіптерге жиі ұшырайтын аймақтардың бірі болып табылады. Осыған байланысты өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Облыс әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, қауіп-қатерлердің алдын алу мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жоспар құрып, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.

Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін сақтау және суға шомылу маусымындағы сақтық іс-шаралары күшейтіледі. Жаз мезгілінде орман және дала өрттерінің қаупі артады. Осыған орай, Түркістан облысында өрт қауіпсіздігіне қатысты нақты шаралар қабылданған. Орман және дала алқаптарында патрульдік бақылау күшейтіліп, ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт сөндіру бекеттері мен жасақтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Сонымен қатар, шомылу маусымы басталған уақытта су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда. Құтқарушылар тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы белгілер орнатылған, рұқсат етілмеген жерлерге шомылуға тыйым салынуда.

Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғалардың есебін тыңдап, қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

– Соңғы 3 жылда суға кеткен жағдайларға талдау жасап, оқиғалар суға кеткен көп тіркелген орындарда ескерту белгілерін орнатуды тапсырамын. Мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Баланың өміріне бәріміз жауаптымыз. Каналдарға, өзендерге баланы қараусыз жібермеу керек. Орман, дала өрттерінің алдын алу және шомылу маусымын тұрақты бақылауда ұстаңыздар. Өрт қауіпсіздігіне қатысты жобалар, жұмыстар толық атқарылсын, – деген Нұралхан Көшеров өрт сөндіру бекеттерін салуды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті ескерту жасады.

Жиында Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев пен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтің баяндамалары тыңдалды.

Өрт қауіпті кезең басталғалы орман қоры аумағында өрт тіркелмеген. Ал дала алқаптарында 8 рет өрт шығып, аумағы 45 гектарды құрады. Мемлекеттік өрт сөндіру бекеттері жоқ елді мекендерде 37 өрт сөндіру бекетін құру туралы тапсырма берілген. Бүгінгі күнге 10 бекет құрылып, өз жұмыстарын атқаруда. Қалған 27 бекетті салу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ жоспар бойынша белгіленген 14 мың шақырымның 13958 шақырымына минералды жолақтар қазылған. Осы бағытта алдын алудағы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мекемелер мен ұйымдарға тапсырмалар берілген. Мәселе бақылауда тұр.

Биыл шомылу маусымының басталмағанына қарамастан облыс аумағында түрлі жағдайларда суға кету оқиғалары тіркелген. Арасында балалар да бар.

Өңірде құзырлы мекемелер тарапынан су айдындарында патрульдеу, рейд жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 657 рет рейд жүргізіліп, нәтижесінде судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 32 жеке тұлғаға 440 384 теңге айыппұл салынды.

Мамандар суда шомылу ережесін қатаң сақтауды, балаларды қараусыз қалдырмау керек екенін ескертеді. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Түркістан облысында төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары кешенді түрде жүргізілуде. Табиғи апаттардан бастап, қоғамдық тәртіп пен жастар арасындағы құқық бұзушылықтарға дейінгі кең ауқымды мәселелер қамтылып отыр. Мұндай үйлесімді әрі жүйелі жұмыс өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.