Келес ауданы – Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту – халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты алғышарттарының бірі.
Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінде халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы округтегі Жиделі елді мекенінде 300 орындық жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер байқалады. Бірнеше елді мекеннің ішкі көшелеріне асфальт төселіп, жол сапасы жақсарды. Қазіргі таңда Қоңыртөбе мен Береке ауылдарында қосымша көше жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Электр желілері мен бағаналарын жаңарту үшін жобалар әзірленіп, басқармаға ұсынылған. Ал табиғи газбен округтегі 7 елді мекен толық қамтылған болса, қалған 6 ауылда газ тарту жұмыстары биыл аяқталмақ. Бүгінде су сапасын арттыру үшін үш елді мекенде су тазарту құрылғылары жұмыс істеп тұр.
Ауыл шаруашылығына қажетті ағын су мәселесі де шешімін табуда. Өткен жылы бірнеше каналдар механикалық әдіспен тазаланса, биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, егістікке су жеткізу мүмкіндігі артуда. Су тасқынының алдын алу үшін каналдар мен арықтар тазаланып, арнайы су бұру арналарында реттеу жұмыстары жүргізілген.
Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындармен кездесуде баяндады.
Келес ауданындағы инфрақұрылымдық даму – бұл тек жол немесе су мәселесін шешу ғана емес, бұл – болашақ ұрпаққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Жүргізіліп жатқан жобалар мен бағдарламалар халықтың әл-ауқатын арттырып, ауданды жаңа даму сатысына көтеруде. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті халықтың бірлескен еңбегі арқасында Келес болашағы – жарқын.