Сайрам ауданында ауыл тіршілігі мен мал шаруашылығын дамытуға нақты қадамдар жасалуда

Сайрам ауданында ауыл тіршілігі

Сайрам ауданында ауыл тұрмысын жақсарту, мал шаруашылығын өркендету және су ресурстарын тиімді басқару бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы кешенді шаралар аудан әкімдігі тарапынан ерекше назарда. Аудан әкімі Арман Сабитовтың тұрғындарды жеке қабылдауы кезінде де осы мәселелер басымдықпен көтерілді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері — ауыл өмірінің өзекті мәселелерін айқындап, оларды нақты шешу жолдарын қарастыруға жол ашты.

Қабылдау кезінде көтерілген басты мәселелердің бірі — ауыз су тапшылығы болды. Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Әсіл елді мекенінің тұрғындары ауылда халық санының артуына байланысты ауыз судың жеткіліксіздігін алға тартты. Бұл — жай ғана тұрмыстық түйткіл емес, ауылдың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Аудан әкімі осы мәселені мұқият зерделеп, тиісті сала мамандарына арнайы тапсырмалар беріп, ауыз су жүйелерін жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылданатынын айтты. Ауыз су – ауыл тіршілігінің күретамыры. Сондықтан бұл мәселе жақын арада оң шешім табатынына сенім мол.

Мал шаруашылығы – Сайрам ауданындағы басты табыс көздерінің бірі. Соған сай, тұрғындар жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесін де жиі көтеріп келеді. Қасымбек Датқа елді мекенінен келген тұрғындар да осы түйткілді сөз етті. Аудан әкімдігі бұл мәселені шешу мақсатында соңғы жылдары жайылымдық жерлерді ортақ пайдалануға қайтару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 2022-2024 жылдар аралығында 9971 гектар жерді ортақ жайылымға қайтару жоспарланған болса, бүгінде соның 5433 гектары мемлекет мұқтажына қайтарылып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Бұл – мал өсірумен айналысатын азаматтар үшін үлкен қолдау әрі жергілікті шаруалардың тұрмысын түзетуге жасалған маңызды қадам. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ, қабылдау кезінде көтерілген ағын су мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жайылым жерлермен қатар, ағын су — ауыл шаруашылығының өзегі. Көкөніс, бақша өнімдерін, жем-шөпті сапалы әрі мол етіп өсіру үшін судың жеткілікті әрі жүйелі түрде жеткізілуі қажет. Осыған байланысты аудан әкімі ағын су арналарының техникалық жағдайын қайта қарауды, су жеткізу жүйелерін жаңғырту жолдарын зерттеп, нақты шешімдер қабылдауды жауапты сала басшыларына тапсырды. Бұл жұмыстар жүзеге асқанда, ауылдағы егістік жерлердің өнімділігі артып, ауыл шаруашылығының экономикалық әлеуеті еселене түсетіні анық.

Аудан халқы үшін ең маңызды тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы. Тұрғындардың басым бөлігі мал бағып, егін егіп күнелтіп отыр. Сондықтан осы саладағы түйткілдерді дер кезінде шешіп, тұрғындардың тіршілігін жеңілдету – биліктің басты міндеті. Бұл тұрғыда Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Жергілікті билік халықпен кері байланысты нығайтып, әрбір азаматтың өтінішін назарға алып, шынайы әрі тиімді шешімдер қабылдауда.

Аудан әкімі Арман Сабитов жеке қабылдау кезінде көтерілген барлық мәселелерді хаттамаға енгізіп, шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Әрбір өтініш аудан басшысының жеке бақылауында болады. Бұл – халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты іс-әрекетке көшуге дайын жергілікті биліктің ұстанымы. Ауыл өмірін жақсарту үшін бірлік пен жүйелі жұмыс қажет. Осы ретте аудан халқы әкімдіктің ашықтығына, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанына ризашылығын білдіруде.

Сайрам – ауыл шаруашылығына қолайлы, табиғи ресурстары бай, еңбекқор халқы бар өңір. Бұл өңірдің болашағы – ауыл тіршілігін нығайтып, мал мен егін шаруашылығын қатар дамытуда. Сол себепті су, жайылым, жұмыс орындары сынды маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, ауылдың әлеуеті арта беретініне сенім мол. Бүгінгі жасалған жұмыстар – ертеңгі баянды тіршіліктің негізі.