Жетісай ауданында халық санының көбеюі мен инфрақұрылымдық жобалардың артуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған орай, ауданда жаңа қосалқы электр станциясының құрылысы қарқынды жүргізіліп, жақын арада іске қосылады деп жоспарлануда.
Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Жетісай ауданында ескірген электр бағаналарын жаңарту, электр қуатының жетіспеушілігін болдырмау бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді. Бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, өндірістік кестеге сай жұмыстар жүргізілуде.
Сондай ауқымды жобалардың бірі – Жетісай қаласының электр энергиясындағы әлеуетін көтеруге және таратуға арналған қосалқы электр станциясының құрылысы. Нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрген аудан басшысы Серік Мамытов мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапасына назар аударып, жұмыс жүргізуді тапсырды.
«Vek-Story-Com» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп отырған аталмыш нысанның сметалық құны 1 300 215 мың теңгені құрайды.
Өткен жылдың қыркүйегінде қазығы қағылған нысанды биыл қолданысқа тапсыру жоспарланған. Қуаттылығы – 110/35/10 кВ. Қазіргі жағдайда мердігер атқарылуы тиіс жұмыстарының 90 пайызын толық тәмамдап отыр. Станция іске қосылған соң Жетісай қаласы аумағындағы 12 көп қабатты 440 пәтерлі үй, яғни, 1842 абонент сапалы, тұрақты электр қуатымен, 15-ке тарта азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жобаның сәтті жүзеге асуы — облыстағы энергия инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Бұл бастама халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа инвестиция тартуға және тұрақты даму үшін берік негіз қалайды.