Шымкент қаласының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуында тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және белсенді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы игі істердің бірі – Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта жүзеге асып жатқан жаңа жоба. Қала әкімінің бастамасымен және BI Group компаниясының демеушілігімен қолға алынған бұл жоба – табиғатпен үндескен ортада қала тұрғындары мен қонақтары үшін сапалы демалыс пен спорттық инфрақұрылым құруға бағытталған.
Саябақтың бірнеше аумағында балалар мен ересектерге арналған жаңа ойын алаңшалары мен ашық спорттық жаттығу құрылғылары орнатылып жатыр. Аталған жобаның мақсаты – қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру, салауатты өмір салтына жағдай жасау. Бұл бастама әсіресе Қаратау ауданы тұрғындары үшін маңызды. Себебі аудан аумағына жақын орналасқан дендросаябақ – жергілікті тұрғындардың күнделікті серуендеу, тынығу, спортпен шұғылдану орнына айналған.
Қаратау ауданында халық тығыз қоныстанған. Мұндағы тұрғын үйлер саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан аулааралық, саябақтық және қоғамдық кеңістіктердің жеткілікті болуы – өмір сапасының бір көрсеткіші. Дәл осы қажеттілікті ескере отырып, жергілікті билік пен жекеменшік компаниялар әріптестік орната отырып жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің нақты нәтижесі.
Жаңа алаңшаларда қауіпсіздік талаптары, жабдықтардың сапасы, заманауи стандарттарға сәйкестігі толықтай қарастырылған. Әсіресе балаларға арналған алаңдарда жұмсақ жабын, қоршау элементтері, түрлі жас ерекшелігіне бейімделген ойын құрылғылары орнатылған. Ал спортпен айналысатын тұрғындарға арналған тренажер алаңдары ашық аспан астында жаттығуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Қаратау ауданының тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан бұл бастама – қала ортасын жандандырудың, экологиялық әрі әлеуметтік кеңістікті дамытуға бағытталған нақты қадам. Мұндай жобалар арқылы қала тұрғындары табиғатпен үйлесімді ортада өмір сүруге, денсаулықты нығайтуға және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алуда.