Сарыағаш ауданы – Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, табиғи ресурстарға бай, ауыл шаруашылығы мен туризмге негізделген экономикасы бар ірі өңірлердің бірі. Аудан өзінің шипажайларымен, жылы климатымен және ауыл шаруашылығына қолайлы жағдайымен ерекшеленеді. Соңғы жылдары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды түрде ілгерілеп, жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен инвестициялық бастамалар жүзеге асырылуда.
2025 жылдың 1 тамызында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен мәжіліс өткізді. Жиында аймақты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Облыстық басқармалар, аудан әкімдігі мен ауылдық округтердің басшылары, мәслихат депутаттары қатысқан мәжілісте облыс әкімі Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берілді.
– Туризм саласы, инвестиция тарту, өзіндік кірістерді ұлғайту жұмыстарын жандандыру керек. Әсіресе, туризмнің мүмкіндігі мол. Ауданның, аудан орталығының тазалығына мән беріңіздер. Сарыағаш – облысымыздың ірі әрі әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Халық саны көп, еңбекке қабілетті жастар жеткілікті. Сондықтан әрбір салада жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Біз жанашырлықпен жұмыс істеуіміз керек. Күнделікті ізденбесек іс өнбейді. Өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді ұлғайту мәселесі күн тәртібінен түспейді, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте тұрғын үй-коммуналдық сала, тазалық сақтау, көгалдандыру, білім беру, денсаулық сақтау, жол жөндеу, ауыз су және газбен қамту салаларының өзекті мәселелері де қозғалды. Облыс әкімі аталған бағыттар бойынша нақты жобалардың жүзеге асуын үнемі бақылауда ұстайтынын атап өтті. Жоспарды орындамаған ауылдық округ әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына сын-ескертпе айтты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев аймақты дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Басқарма басшылары индикаторлардың орындалуы бойынша ауданның көрсеткіштеріне тоқталды.
Жиын соңында аудан активі облыс әкімінің тапсырмаларын қолдайтындықтарын білдіріп, Сарыағаштың дамуына өз үлестерін қоса беретіндіктерін жеткізді.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданында негізгі экономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі алты айда 141,5 млрд теңгеге жетіп, НКИ 135 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы саласында 51,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 118,1 пайызға жетті.
Алты айда ауданға 31 млрд инвестиция тартылса, өнеркәсіп саласында 15,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсімге қол жеткізілген.
Сарыағаш ауданы – әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Ауыл шаруашылығындағы инновациялар, кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы халықтың әл-ауқатын арттыруда. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуының арқасында аудан болашағы жарқын, дамуы тұрақты болмақ.