Түркістанда тұрғын үймен қамту деңгейі арта түсуде

тұрғын үймен қамту

Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін қалада 2000-ға жуық жаңа пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама — өңірдегі урбанизация мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жолындағы маңызды қадам.

Осы ретте Түркістан қаласы әкімдігі тұрғын үй құрылыс жұмыстары мен сапасын бақылауды қарқынды жүзеге асырып келеді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 42-сі – кредиттік негізде, 15-і  әлеуметтік бағытта бой көтереді.

Әзімбек Пазылбекұлы аралау барысында Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі, «Отырар» шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйлер мен «Интер» ЖШС тарапынан салынып жатқан, сондай-ақ, айналма жол бойында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Жалпы жыл соңына дейін 117 718 шаршы метрді құрайтын 37 тұрғын үй – 1982 пәтердің құрылысы толық аяқталып, қыркүйек-желтоқсан айларында «Отбасы банк» арқылы кезектегі азаматтарға заңға сәйкес кезең-кезеңімен беріледі. Салынатын тұрғын үйлердің айналасында мектеп, балабақша, медицина мекемелері, спорт және балалар алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар, жол, жарық, су және кәріз жүйелері толықтай жүргізілуде. Бұл – тұрғындардың қолайлы әрі жайлы өмір сүруіне бағытталған шешімдер.

Соңғы жылдары Түркістан қаласы өркендеудің жаңа кезеңіне өтті. Бас жоспарға сәйкес қалада жаңа шағынаудандар, әкімшілік және мәдени нысандар, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымдар салынуда. Халық саны да артып келеді, сондықтан тұрғын үйге деген сұраныс жоғары.

2000-ға жуық жаңа пәтердің пайдалануға берілуі — Түркістан қаласының дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Бұл бастама тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етумен қатар, өңірдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға ықпал етпек.