Облыстағы тұрғындар үшін еңбек жәрмеңкесі өтті

еңбек жәрмеңкесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Түркістан облысында жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жоспары бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейін төмендету және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады.  Ауқымды іс-шараға түрлі салалардан ондаған мекеме мен кәсіпорын қатысып, жүздеген жұмыс іздеушіге нақты ұсыныстар жасалады.

Бүгін облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен Сауран ауданы, Оранғай ауылындағы №4 Оранғай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өңірдегі жұмыссыз азаматтар мен жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыста бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылатынын айтып, қатысушыларға тұрақты жұмысқа орналасуларына сәттілік тіледі.

Жәрмеңкеге Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданынан 30 жұмыс беруші қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде, 300-ге жуық тұрғын жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Арнайы мамандар Сауран ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген тұрғындарды қабылдап, кеңес берді.

Жалпы өнеркәсіп саласында 445 жұмыс орны, ауыл шарушылығы саласында – 33, құрылыс пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салаларында – 150,  білім – 38, денсаулық сақтау – 14, қызмет көрсету саласында 96 жұмыс орны ұсынылды. Олардың қатарында фармацевт, невропатолог, травматолог-ортопед, бала дәрігері, психолог, логопед, мәдени шаралар ұйымдастырушы, кітапханашы, бағбан, шаштараз, су сорғы станциясы машинисі, санитар, инженер, аудармашы, есепші, заңгер, механик, электрик, дәнекерлеуші, оператор, технолог, жүргізуші, педагог, тәрбиеші, тігінші, аспаз, лаборант, күзетші, IT маманы және өзге де 70-тен астам мамандық түрі бар.

Облыстық жұмыспен қамту басқармасының өкілдері жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасындағы байланысты тікелей орнату екенін атап өтті. Бұл тәсіл арқылы жұмыс іздеушілер тек ақпарат алып қана қоймай, нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін де пайдаланады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74630 азамат тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде, тұрақты жұмыс орнына 36415 азамат орналасса, субсидияланатын жұмыс орындарына 38215 азамат жолданған.

Іс-шараға қатысушылар мұндай бастаманың маңыздылығын атап өтіп, осындай жәрмеңкелердің жиі өткізіліп тұруын қолдайтындарын жеткізді.