Шымкент қаласының жасыл аймақтарын көбейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Қаратау ауданында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Аудан аумағында орналасқан саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ көшелер бойындағы көгалды алқаптарда газон қырқу және көгалды күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, газонды уақытылы қырқу жасыл желектің әдемі әрі біркелкі өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол шаң-тозаңды азайтып, ауаның сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Әсіресе жаздың аптап ыстығында көгалдардың жайқалып тұруы қала тұрғындарына табиғи салқындық сыйлап, демалыс аймақтарының тартымдылығын арттырады.
Қаратау аудандық коммуналдық қызметкерлері көгалдарды суару, тыңайтқыш беру және арамшөптерден тазарту жұмыстарын да қатар атқаруда. Арнайы техника мен заманауи жабдықтардың көмегімен газондардың көлеміне қарай жоспарлы күтім жасалады.
Әкімдік өкілдері бұл жұмыстардың басты мақсаты – ауданның сән-салтанатын арттыру ғана емес, сондай-ақ тұрғындардың таза әрі жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау екенін атап өтті. Көгалдардың күтімді болуы шаһардың сәулеттік келбетін айқындай түсіп, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қаратау ауданында жыл басынан бері бірнеше рет ауқымды көгалдандыру акциялары өткізіліп, мыңдаған тал-дарақ отырғызылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жасыл аймақтардың көлемі ұлғаймақ.
Қала әкімдігі тұрғындарды табиғатты аялауға, отырғызылған ағаштар мен көгалдарды қорғап, күтіп-баптауға үлес қосуға шақырады. Себебі жасыл қала – тек коммуналдық қызметтің еңбегі ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі.