Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан заманауи мегаполис. Қалада жаңа ғимараттар бой көтеріп, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алайда, осы игі бастамалардың сәнін бұзып тұрған жайттардың бірі – ретсіз орнатылған және сұрықсыз сыртқы жарнамалар.
Соңғы жылдары қала көшелерінде стандартқа сай келмейтін билбордтар, жарықтандырылмаған маңдайшалар мен түрлі-түсті баннерлердің саны артып отыр. Мұндай көрнекі ақпарат құралдары тұрғындарға қажетті мәлімет бергенімен, олардың ретсіздігі қаланың жалпы сәулеттік келбетін бұзуда. Әсіресе тарихи ғимараттар мен мәдени нысандар маңына орналастырылған жарнамалар көзге оғаш көрініп, үйлесімділікті сақтамай келеді.
Мамандардың пікірінше, сыртқы жарнаманың да өзіндік мәдениеті мен талаптары болуы тиіс. Халықаралық тәжірибеде жарнамалардың өлшемі, түс үйлесімі, орналасу аймағы қатаң қадағаланады. Ал біздің қалада кейбір кәсіпкерлер пайда табуды бірінші орынға қойып, сәулеттік талаптарды ескере бермейді.
Бұл мәселені шешу үшін Шымкент қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасы мен сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан арнайы тексерулер жүргізілуде. Заңға қайшы орнатылған жарнамаларды алу, олардың бірыңғай стандартқа сәйкес келуін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, жаңа талаптарға сәйкес сыртқы жарнамаларды цифрландыру және эстетикалық тұрғыда үйлестіру жоспарланып отыр.
Қала әкімдігі тұрғындарды да бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырады. Себебі әрбір шаһар тұрғыны өз ортасының көркіне жауапты. Таза әрі тартымды қала келбеті тек көшелердің тазалығымен ғана емес, үйлесімді сәулет пен дұрыс орналасқан жарнамамен де өлшенеді.
Аудан тұрғыны Әділбек Сейітұлы: «Кейбір жарнамалар түнде жарықтандырылмағандықтан, қауіпті жағдай туғызады. Енді біреулері мүлдем орынсыз жерлерге ілінген. Бұл тек көзге ғана емес, қала мәдениетіне де кері әсер етеді», – дейді. Ал жас дизайнерлер болса, бірыңғай стиль қалыптастыру арқылы Шымкенттің келбетін айтарлықтай жақсартуға болатынын айтады.
Осылайша, сұрықсыз жарнамалар мәселесін жүйелі түрде шешу – Шымкенттің шынайы мегаполис ретінде дамуына, оның сәулеттік келбетін сақтап, мәдени-эстетикалық ортаны қалыптастыруға үлкен серпін бермек.