ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен дәстүрлі түрде өткізілетін «Парасатты полицей» республикалық байқауы биыл әр өңірдің Полиция департаменті базасында ұйымдастырылуда. Осыған орай, байқау «5-қыркүйек — Қазақстан халықтары тілдері күні» қарсаңында Тараз қаласы Полиция басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті полиция қызметкерлері арасында өткізілді.
Басты мақсат – полицейлердің кәсіби шеберлігін арттыру, парасаттылық пен әділдікті дәріптеу, қоғаммен сенімді қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту.
Қатысушылар «Заң мен тәртіп – тұрақтылық негізі», «Абай оқулары», «Өнерің болса – қолыңда» атты үш кезең бойынша сынға түсті.
Биылғы байқауда «Абай оқулары» кезеңі ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай ерекше мәнге ие болды. Полицейлер ақынның даналыққа, әділдік пен парасаттылыққа үндеген шығармаларын оқып, оның ой-толғамдарын жас буынға үлгі етіп жеткізді.
Олар өмірлік жағдайларда тапсырмалар орындап, құқықтық сауаттылығы мен кәсіби біліктілігін, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар шара барысында полиция тарихы мен батыр полицейлердің ерлігі кеңінен насихатталып, жас қызметкерлерге өнеге етілді.
— Бұл байқау – тек кәсіби шеберлікті шыңдау ғана емес, полицейлердің парасаттылық пен адалдық қағидаттарына берік екендігін дәлелдеу алаңы. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру біздің басты мақсатымыздың бірі, – деді Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров.
Әділқазылар шешімімен, барлық кезеңде үздік өнер көрсеткен Тараз қ. ПБ-ның «Әулиета» тобы жеңімпаз атанды. Ал, жүлделі 2 орын Тараз қ. ПБ ППБ-ның «Абырой» тобына бұйырса, 3 орынға Тараз қ. ПБ 1-ПБ-нің «Орталық қорғандары» тобы лайық деп танылды.
Сондай-ақ, «Көркем сөз шебері» номинациясын полиция капитаны Бақытнұр Оспанов және полиция аға лейтенанты Әсем Әміртаева, «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясын полиция майоры Дмитрий Келлер, «Жеңіске деген зор ынта үшін» номинациясын «Қыран» тобы иеленді.
Барлық қатысушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара облыстық филармония әртістері мен өнерлі полицейлердің ән кешімен аяқталды.
Жамбыл облысы ПД