«Таскен» шағын ауданында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

«Таскен» шағын ауданында жаңа футбол алаңы

Қаратау ауданында инфрақұрылымды дамыту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы игі істер жалғасуда. Бүгінгі жексенбі «Таскен» шағын ауданы тұрғындары үшін ерекше қуанышты жаңалықпен басталды. Мұнда жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен заманауи талаптарға сай жаңа футбол алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жаңа алаң балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты түрде шұғылдануына зор мүмкіндік сыйлайды. Әсіресе, балалардың алаңға шығып, қуанышын жасырмай, асыр салып ойнаған сәтін көргенде, мұндай бастамалардың қоғам үшін қаншалықты маңызды екені анық байқалды. Жергілікті тұрғындар да бұл қуанышты сәтке куә болып, жаңа спорт нысанының ашылуын зор ықыласпен қабылдады.

Алаңның ашылу рәсіміне аудан әкімдігі өкілдері, демеуші кәсіпкер және жергілікті тұрғындар қатысты. Жиналған қауым игі іске ұйытқы болған демеуші азаматқа алғыстарын білдіріп, мұндай қолдаулардың елдімекендер үшін аса қажет екенін атап өтті. Әкімдік өкілдері өз сөздерінде аудан аумағында тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау басты назарда екенін, алдағы уақытта да осындай әлеуметтік жобалардың жалғасын табатынын жеткізді.

Жаңа футбол алаңы жасанды төсенішпен жабдықталып, жарық шамдары орнатылған. Бұл оның тек күндіз ғана емес, кешкі уақытта да қолданысқа ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған шағын спорт жабдықтары орналастырылып, алаң жанындағы аумақ абаттандырылды.

Мұндай нысандардың көбеюі жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ықпал етеді. Қаратау ауданы әкімдігі тұрғындарды бірлікке шақырып, игі бастамаларға қолдау білдіруге үндеді.