Қаратау ауданының әкімі “Жасыл-Жер Шымкент” ЖШС мен “Қаратау” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің техникалық базасында болып, қысқы маусымға дайындық барысымен танысты.
Алдағы қыс – қала өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Сондықтан аудан аумағында тазалықты, көше жолдарының қауіпсіздігін және инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында дайындық шаралары күшейтілуде.
Тексеру барысында аудан әкімі коммуналдық мекемелердің техника паркімен, материалдық-техникалық базасымен және инертті материал қорымен танысты. Қазіргі таңда мекемелерде қар тазалайтын және құм-тұз себетін арнайы техникалар толық тексеруден өткізіліп, жұмысқа әзірленген. Сонымен қатар, жұмысшылардың қысқы киімдері мен құрал-жабдықтары да толық қамтамасыз етілген.
Аудан әкімінің айтуынша, қыс мезгіліндегі басты міндет – қаланың тіршілігін тәулік бойы үздіксіз қамтамасыз ету, жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтау және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Осыған байланысты коммуналдық қызмет өкілдеріне жауапкершілікті арттыру, кезекшілік кестесін нақтылау және ақауы бар техникаларды дер кезінде жөндеу тапсырылды.
«Алдымызда жауапты кезең – қыс мезгілі. Сондықтан техника мен құрал-жабдықтардың толық дайындығы, инертті материал қорының жеткілікті болуы аса маңызды. Қала тіршілігін тәулік бойы қамтамасыз етіп жүрген сала мамандарына алғыс білдіремін. Ал екі мекеме басшылығына қысқы әзірлікті күшейту және анықталған кемшіліктерді ретке келтіру жөнінде нақты тапсырма берілді», – деді Қаратау ауданының әкімі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан аумағында қар тазалау және мұзға қарсы жұмыстарды атқаратын арнайы 40-тан астам техника мен ондаған жұмысшы тобы дайын тұр. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылып, тұрғындардан келіп түскен өтініштер жедел түрде қаралатын болады.
Қаратау ауданы әкімдігі қысқы маусым бойы қала тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.