Сары жапырақтар тұрғындарға үйлесім сыйласа, жауаптыларға қосымша жүк түсіреді

Сары жапырақтар

Күз — табиғаттың ең әсем мезгілі. Ағаштар алтын түске боялып, қала көшелерін сары жапырақтар көмкергенде Шымкент ерекше бір тыныштық пен үйлесімге бөленеді. Мұндай көрініс тұрғындарға шабыт пен жылы көңіл сыйласа, тазалық сақшылары үшін бұл мезгіл – ең қызу, жауапты кезеңдердің бірі.

Қаратау ауданының тазалық саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер күзгі маусым басталғалы жұмыс көлемінің артқанын айтады. Себебі әрбір күн сайын ағаштардан түсіп жатқан жапырақтарды жинау, жол жиектерін, арықтарды және қоғамдық аумақтарды тазалау – үлкен еңбекті қажет етеді.

«Күздің сұлулығына бәріміз сүйсінеміз. Бірақ осы әдемілікті сақтау үшін қаншама қолдың еңбегі кетеді. Бір күн тазаламасаң, келесі күні көшелер жапыраққа толып кетеді. Сондықтан күн сайын таңғы сағат 6-дан бастап жұмысқа шығамыз», – дейді тазалық қызметкері Қаламқас апай.

Аудан аумағында тазалық жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Коммуналдық қызметкерлермен бірге арнайы техника да жұмылдырылған. Аумақтарда жапырақтар қолмен және арнайы шаңсорғыш машиналармен жиналып, көше бойы тазартылуда.

«Сары жапырақтар көзге әдемі көрінгенімен, олар су жиналатын арықтарды бітеп тастауы мүмкін. Сондықтан оларды дер кезінде жинау – су тасқыны мен жолдағы лай-батпақтың алдын алады. Бұл жұмыс сырт көзге қарапайым көрінгенмен, нақты жауапкершілік пен күшті талап етеді», – дейді аудан әкімдігі өкілдері.

Тазалық қызметкерлерінің айтуынша, күзгі маусымда ең қиыны – жауынды күндер. Себебі ылғалданған жапырақ ауырлап, техниканың қозғалысын қиындатады. Дегенмен, ауа райына қарамастан, қала көркін сақтау үшін еңбектеніп жүрген жандардың қажырлы жұмысы көзге көрінбесе де, қала өмірінің тынысын қамтамасыз етіп отыр.

Қаратау ауданы әкімдігі тұрғындарды да тазалық мәдениетін сақтауға шақырады. Қоқысты, жапырақты бейберекет тастамау, өз ауласы мен көше маңын таза ұстау – әр азаматтың міндеті.

«Қала тазалығы тек коммуналдық қызметтің еңбегімен өлшенбейді. Бұл – барлығымыздың ортақ ісіміз. Табиғаттың әр мезгілін әдемі қарсы алу үшін тазалыққа жауапкершілікпен қарауымыз керек», – дейді әкімдік өкілі.

Ал сары жапырақтар болса, қала көшелерінде күздің жұмсақ тынысын сыйлап, табиғаттың мәңгі айналымын еске салады.

Тек сол үйлесімділіктің сақталуы – тазалық сақшыларының тынымсыз еңбегінің арқасы екенін ұмытпайық.