Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Серікұлы Беркімбаевтың қатысуымен Қаратау ауданында инфрақұрылымдық нысандарды аралау жұмыстары ұйымдастырылды. Сапарға сондай-ақ Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Балтабекұлы Мендіқұлов және ауыз су мен су бұру бөлімінің басшысы Асқар Ашыров қатысты.
Жұмыс сапары барысында аудан аумағындағы жол, ауыз су және кәріз жүйелерінің қазіргі жағдайы, сондай-ақ жүргізіліп жатқан қайта құру және жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Мамандар әрбір нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын, құрылыс кестесінің сақталуын және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің тиімділігін бағамдады.
Қаратау ауданы – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Мұнда жаңа тұрғын үй алаптары, әлеуметтік және инженерлік нысандар көптеп салынып жатыр. Осыған байланысты инфрақұрылымды жаңарту мен кеңейту мәселелері өзекті болып отыр.
Аралау барысында жауапты басқарма басшылары мен мердігер ұйымдардың өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, ауыз су және су бұру желілерінің жаңарту жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаевтың айтуынша, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі.
– Әрбір атқарылып жатқан жұмыс қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Су, жол және кәріз жүйелері – инфрақұрылымның өзегі. Сондықтан олардың сапасы мен тұрақты жұмыс істеуі басты назарда болуы керек, – деді ол.
Сонымен қатар, сапар барысында жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын алаптарда инженерлік желілерді жүргізу жұмыстарының жобалық құжаттары пысықталды. Тиісті құрылымдарға жобаларды уақтылы іске асырып, сапаны бақылауда ұстау тапсырылды.
Қаратау ауданында инфрақұрылымдық жүйелерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл шаралар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
