Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков спорттық және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен танысты

инженерлік инфрақұрылым

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында спорттық және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынған бірқатар жобалармен танысты.

Аралау барысында қала басшысы Назарбеков және Белешов көшелерінде салынып жатқан тез тұрғызылатын модульдік спорт нысандарының құрылысымен танысты. Бұл жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асуда. Модульдік нысандардың негізгі мақсаты – дене шынықтыру мен спортты дамытуға мүмкіндік жасап, тұрғындардың спорттық инфрақұрылымға кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету. Мұндай қолжетімді спорт алаңдары қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спорттың дамуына серпін береді.

Одан кейін Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданындағы Алтынсарин көшесі мен А-2 айналма жолының (VI кезең) реконструкциясымен танысты. Бұл жоба аясында Алтынсарин көшесі екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Жолдың жаңартылуы Бәйдібек би даңғылының көлік жүктемесін азайтып, шағынаудандар арасындағы қатынасты жеңілдетуге бағытталған. Қала әкімі мердігер ұйымға жұмысты белгіленген мерзімде, сапалы әрі қауіпсіз орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек, әкім «Қарасу» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық барысын тексерді. Қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайы мен жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі – әкімдік назарындағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға барлық қажетті шараларды уақытылы аяқтап, жылыту маусымының дер кезінде басталуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, қаладағы спорттық және инженерлік инфрақұрылымның жаңғыруы – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды тетігі. «Біздің мақсатымыз – шымкенттіктерге қолайлы, қауіпсіз және белсенді өмір сүруге мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», – деді қала әкімі.