Таза қала – әр азаматтың жауапкершілігі

Таза қала – әр азаматтың жауапкершілігі

Тазалық – мәдениетті қоғамның айнасы. Қаладағы көркем көрініс, жасыл желек пен таза көшелер ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігі мен тәртібіне байланысты. Қаратау ауданында қала тазалығын сақтау бағытында күнделікті және жүйелі жұмыстар атқарылуда. Арнайы техника мен жұмысшылар таңертеңнен бастап көшелерді, аялдамалар мен қоғамдық орындарды сыпырып, қоқысты дер кезінде шығарады.

Алайда, тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, әрбір азаматтың борышы. Өкінішке қарай, кейде тұрғындардың салғырттығынан қоқысты бейберекет жерге тастау, контейнер сыртына үйінді қалдыру немесе аулаларға тұрмыстық қалдықтарды шашып кету сынды жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай әрекеттер қаланың көркін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға және тұрғындардың денсаулығына зиян келтіреді.

Қаратау ауданы әкімдігі бұл бағытта экологиялық мәдениетті арттыру мен санитарлық тәртіпті сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. “Таза қала – өз қолыңда” атты акциялар мен жалпықалалық сенбіліктерге мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер, еріктілер мен жастар ұйымдары белсенді түрде қатысуда. Бұл шаралар қала тұрғындарының табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, ауданда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетін енгізу бойынша жұмыстар қолға алынған. Көшелер мен аулаларға қосымша контейнерлер орнатылып, тұрғындарға қалдықтарды пластик, шыны, қағаз және органикалық түрлерге бөліп тастау ережелері түсіндірілуде. Мұндай бастамалар қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, қайта өңдеу саласының дамуына жол ашады.

Аудан әкімдігі тұрғындарды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және туған қаласын аялап, үлгі көрсетуге шақырады. Егер әрбір азамат өз ауласын, көшесін, жұмыс орнын таза ұстаса, Шымкент – тек таза ғана емес,әсем қалаға айналады.