Патриоттық тәрбие – ел болашағының рухани іргетасы

Патриоттық тәрбие

Патриоттық тәрбие – жас ұрпақтың бойына туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті және азаматтық сананы қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі. Бұл тәрбие түрі адамның тұлғалық дамуына ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағына да тікелей әсер етеді.

Отанды сүю – жүректен басталатын сезім. Әрбір бала өз елінің тарихын танып, тілін құрметтеп, жерінің қадірін сезіне білсе, сол сәттен бастап оның бойында шынайы патриоттық сана қалыптаса бастайды. Осы жолда педагог-ұйымдастырушының рөлі ерекше. Себебі ұстаз – жас жүректерге бағыт-бағдар беретін рухани жетекші.

Мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмысы тек біліммен шектелмейді, ол адамгершілік пен отансүйгіштік сезімін ұштастыруға негізделеді. Патриоттық тәрбие арқылы бала өз елінің өткені мен бүгініне құрметпен қарап, болашағына жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Бүгінгі қоғамға еліне адал, ел тағдырына бейжай қарамайтын, өз ұлтының рухани құндылығын сақтай алатын тұлғалар қажет. Сол себепті әрбір ұстаздың, әрбір ата-ананың борышы – баланың жүрегіне елге деген сүйіспеншілікті ұялату.

Шынайы патриотизм – ұран емес, өмірлік ұстаным. Ол – туған жерін қорғау, елінің дамуына үлес қосу, кішіпейілдік пен жауапкершілікті ұстану. Осындай қасиеттермен сусындаған ұрпақ қана елінің ертеңін нұрлы ете алады.

Бекжан Бугабаев
Ленгер қаласы №7 ІТ мектеп-лицейінің педагог-ұйымдастырушысы