Қазіргі жаһандану жағдайында өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігі елдің жалпы дамуының маңызды көрсеткішіне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, индустриялық-инновациялық даму саясаты ұлттық экономиканы жаңғырту мен әртараптандырудың негізгі тетігі болып табылады. Бұл саясат жаңа технологиялар енгізуді, өңдеуші өнеркәсіпті күшейтуді, инвестициялық белсенділікті арттыруды және өндіріс құрылымын жаңартуды көздейді.
Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі стратегиялық маңызы бар аймақтардың бірі — Ордабасы ауданы. Соңғы жылдары ауданда индустрияландыру бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндіріс ошақтары ашылуда. Әсіресе, фармацевтика, машина жасау, құрылыс материалдары сияқты салаларда іске асқан кәсіпорындар ауданның экономикалық өсіміне серпін беріп отыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың өңірлік деңгейде нақты нәтижелер беріп жатқанын көрсетеді.
Ордабасы ауданының географиялық орналасуы, көліктік логистикасы, еңбек ресурстары және инвестициялық мүмкіндіктері оның индустриялық-инновациялық дамуындағы басты артықшылықтар болып табылады. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және өңірдің жалпы экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Индустриялық-инновациялық даму саясаты — экономиканы әртараптандыруға, жоғары технологияларға негізделген өндірістерді дамытуға және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік стратегиялық саясат.
Бұл саясаттың мақсаты — ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, инновацияға, жаңа технологияға, ғылымға негізделген өндірісті күшейту. Мұнда басты назар жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға және экспорттық әлеуетті арттыруға аударылады.
Ордабасы ауданында Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылында өңірдің медицина және фармацевтика саласын дамытуға бағытталған жаңа заманауи «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорнының ашылу салтанаты өтті.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорын клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттерді өндіруге бағытталған. Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сынды жоғары сапалы өнімдер дайындалады.
Кәсіпорынның негізін қалаушы – 40 жылдан астам тәжірибесі бар провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Джузенова Гулия Бексултанқызы. Ол жаңа өндіріс орны арқылы ел медицинасына сапалы отандық өнім ұсынуды және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат еткен.
Салтанатты рәсім барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Ол өңірде осындай инновациялық бағыттағы жобалардың арта түсуі – мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Мұнан соң сөз алған аудан әкімі Азат Оралбаев қатысушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап:
«Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында елімізде жоғары технологиялы, импортты алмастыратын өнімдерді өндіруге баса назар аударылып келеді. Осы бағыттағы бүгінгі маңызды қадам – ауданымызда осындай бірегей өндірістің ашылуы.
«Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы – бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес. Ендігі жерде шетелден әкелінетін өнімдер өз жерімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіріледі», – деді аудан басшысы.
Ресми бөлімнен соң қонақтар зауыттың ішін аралап, өндірістік үдеріс пен заманауи технологиялардың жұмысымен танысты.
Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру мен медициналық саланы дамыту жолындағы маңызды бастама болмақ.
Ордабасы ауданының индустриялық-инновациялық даму саясаты өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі әрі нәтижелі қадамдармен ерекшеленеді. Жаңа өндірістік кәсіпорындардың ашылуы, соның ішінде фармацевтикалық бағыттағы заманауи зауыттың іске қосылуы — ауданның инвестициялық тартымдылығының өсіп, индустрияландыру үдерісінің күшейгенін көрсетеді. Бұл жобалар өңірдің өндірістік инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жергілікті экономиканың әртараптануына айтарлықтай үлес қосуда.
Индустриялық-инновациялық саясаттың басты артықшылықтарының бірі – жоғары технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіру мүмкіндігі. Ордабасы ауданында іске асқан жаңа жобалар осы мақсатқа сай келеді және болашақта өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізу мен инновациялық шешімдерді қолдану ауданның ұзақ мерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, Ордабасы ауданындағы индустриялық-инновациялық бастамалар өңірді жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімге жол ашып отыр. Алдағы жылдары жаңа инвестициялық жобалардың іске асуы ауданның даму қарқынын одан әрі үдететіні сөзсіз.
