Аппараттық жиында әлеуметтік мәселер талқыланды

әлеуметтік мәселер

Ордабасыда аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен қызметкерлері, бөлім және сала басшылары, аумақ әкімдері қатысты.

Аудан басшысы жиынның басында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – әкімдік жұмысының басым бағыты екенін атап өтті. Ол тұрғындардың өмір сапасын арттыру үшін инфрақұрылым, оның ішінде баспана мен таза ауыз суға қолжетімділік – басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.

Жиында алғашқы болып тұрғын үймен қамту мәселесі қаралды. Аудан әкімінің айтуынша, халық санының артуына байланысты баспанаға деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Осыған орай, Ордабасы ауданында бірқатар тұрғын үй жобалары қолға алынған.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бірнеше елді мекенде жаңа үйлер салынып жатыр. Атап айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлердің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр.

Алайда аудан әкімі бірқатар ауылдық округтерде инженерлік-коммуникациялық желілердің жеткіліксіздігіне байланысты тұрғын үй құрылысында кідірістер орын алып жатқанын айтты. Бұл мәселені шешу үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиын барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып, әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды. Аудан әкімі баяндамаларды тыңдай отырып, әрбір мәселе бойынша жеке тоқталып, орындалуы тиіс нақты тапсырмалар берді.

Алғашқы кезек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жұмысына арналды. Бөлім басшысы Арман Искаков атқарылған жұмыстар мен жоспарлар жөнінде баяндап өтті. Әсіресе, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, газ жеткізу, көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау қызметін жақсарту мәселелері сөз болды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Жиында күн тәртібіндегі негізгі мәселелерден бөлек, қоғамдық-саяси ахуал, «Таза Қазақстан» акциясы, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары да қаралды.

Жиынды қорытындылаған Азат Оралбаев барлық сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы тиістігін, тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, әрбір салада жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізілуі қажеттігін атап өтті.

Аппараттық жиын – атқарушы билік органдары үшін жұмыс барысын бағалап, кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл жолғы кездесуде де өзекті мәселелер нақты талқыланып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыра бермек.