Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тұрғындармен ашық әрі жүйелі форматтағы кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Бүгін аудан әкімдігінде кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, түрлі салаға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Қабылдаудың негізгі мақсаты – тұрғындардың сұрақтарын тікелей тыңдап, олардың шешімін жеделдету, сонымен қатар әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік көмек түрлерін алу тәртібі, атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) өтініш беру, көпбалалы отбасыларды қолдау және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау мәселелері көтерілді. Әкім әрбір өтініш бойынша нақты түсіндіру беріп, әлеуметтік сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, жер телімдерінің ресімделуіне байланысты сұрақтар да көтерілді. Тұрғындар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер участогінің құжаттарын рәсімдеу, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жер кезегінің қозғалысы жөнінде ақпарат алды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың ашық әрі заң аясында жүргізілуі қажет екенін атап өтіп, тиісті бөлім басшыларына мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
Құрылыс компанияларының жұмысына қатысты да бірқатар шағымдар айтылды. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы, абаттандыру жұмыстарының уақытында жүргізілмеуі және құрылысшылардың міндеттемелерді толық орындамауы секілді мәселелер көтерілді. Бұл бағытта Алмас Абаев жауапты мекемелерге нақты тапсырма беріп, мердігер ұйымдардың жұмысын күшейтілген бақылауға алуды тапсырды.
Тұрғындар тарапынан аулаішілік жолдардың жағдайы, жарықтандыру, санитарлық тазалық және қоғамдық тәртіп мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Әкім барлық өтініш пен шағымды жеке-жеке қарастырып, салалық бөлімдерге нақты жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
Қаратау ауданы әкімдігі тұрғындармен кері байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай қоғамдық қабылдаулар халықтың мәселесін дер кезінде анықтап, оларды шешу жолдарын тездетуге мүмкіндік береді. Алмас Абаев өз сөзінде: «Әрбір тұрғынның мәселесі — біздің назарымызда. Біз халықпен бірлесе отырып, ауданның дамуына бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз», — деді.
Қабылдау соңында әкім жауапты мамандарға айтылған мәселелер бойынша белгіленген мерзімде есеп беруді тапсырды.
