Қонаев даңғылының II кезеңі толық пайдалануға берілді

Конаев даңғылының II кезеңі

Қала ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдету, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындар үшін барынша қолайлы орта қалыптастыру – Шымкент қаласының дамуындағы басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Қонаев даңғылының құрылысы. Бүгінде оның екінші кезеңі толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Аталған кезеңдегі жұмыстар Әйтеке би көшесінен басталып, Терешкова көшесіне дейінгі аралықты қамтыды. Бұл бағыттың қаланың стратегиялық дамуында маңызы зор, себебі даңғыл магистральдық жолдардың жүктемесін азайтып, көлік қатынасын айтарлықтай реттеуге мүмкіндік береді. Жаңа бағыт қала тұрғындары мен қонақтары үшін қозғалыс уақытын қысқартуға, кептелістердің алдын алуға және жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

Даңғыл 4 жолақты болып салынды. Құрылыс барысында қозғалыс қауіпсіздігі, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және көлік ағынының еркіндігін қамтамасыз ету басты назарда болды. Заманауи талаптарға сай инженерлік инфрақұрылым тартылып, жолдың сапасына ерекше мән берілді.

Сонымен қатар құрылыс кезеңімен бірге абаттандыру жұмыстары да толық аяқталды. Қазіргі таңда:

– жол бойы толық көгалдандырылды;

– барлық қажетті жол таңбалары сызылды;

– жаңа жарық шамдары толық іске қосылды;

– ал туннель астына Шымкенттің символы саналатын қызғалдақ мүсіні орнатылды.

Бұл декоративтік элемент қаланың эстетикалық келбетін айшықтап, жаңадан бой көтерген инфрақұрылымға ерекше көрік беріп отыр.

Даңғылдың бұл бөлігі қаланың негізгі бағыттарының біріндегі көлік қозғалысын реттеп, орталық және маңайдағы көшелердегі жүктемені азайтуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жол аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетеді.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да жол-құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Шымкенттің жаңа деңгейдегі дамуына және «комфортты қала» стандартына көшуіне ықпал етеді.