Шымкентте биыл 31 тұрғын үй пайдалануға беріледі

31 тұрғын үй

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Әсіресе қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысын жеделдету және кезектегі азаматтардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттыру — қала әкімдігінің басты басымдықтарының бірі.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл қалада көпқабатты 57 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлердегі 3 592 пәтердің жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайды. Жыл соңына дейін осы нысандардың ішінен 2 412 пәтерлі 31 үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда 972 пәтерден тұратын 12 үйдің құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Атап айтқанда, Ақжайық шағынауданында 5 көпқабатты үй, Бозарық шағынауданында 7 үй халық пайдалануына тапсырылды. Бұл — жаңа тұрғын алаптарының инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ қаладағы демографиялық өсім мен көші-қон қарқынына байланысты туындайтын баспана сұранысын азайтуға бағытталған нақты қадам.

Қалған 19 үйдің құрылысы жоспар бойынша жалғасуда. Құрылыс қарқынын сақтай отырып, мердігер мекемелерге сапа стандарттарын қатаң сақтау тапсырылған. Жыл соңына дейін барлық нысандар толық аяқталып, тапсыру жұмыстарынан өтеді деп күтілуде.

Айта кетейік, бұл тұрғын үйлер «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек. Баспаналар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда және сатып алу механизмі қолжетімді шарттармен жүзеге асады. Басты мақсат — баспанаға мұқтаж азаматтар санын азайту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.

Қала билігінің мәліметінше, алдағы жылдары да тұрғын үй құрылысы көлемі арттырылып, жаңа шағынаудандарда инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жалғасатын болады. Бұл өз кезегінде Шымкенттің урбанистикалық дамуын қамтамасыз етіп, халықтың қажеттіліктеріне сай қолайлы қала қалыптастыруға мүмкіндік береді.