Шымкент қаласы Қаратау ауданында инфрақұрылымды жаңарту, тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) алаңында өткен брифингте аудан әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев баяндама жасады.
Ауданның жалпы аумағы 19 500 гектарды, ал халқы 300 мыңға жуық адамды құрайды. Мұнда 19 елді мекен орналасқан, оның ішінде 29 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 626 көпқабатты үй бар. Әкімнің айтуынша, Қаратау ауданындағы басты басымдықтардың бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру.
Қазіргі таңда ауыз сумен қамту көрсеткіші 99%-ға жетіп отыр. Жыл соңына дейін қалған тұрғын үйлерді орталық жүйеге қосу жоспарланып, көрсеткіш толық 100%-ға жеткізіледі. Электр энергиясымен қамту деңгейі 99%-ды, ал табиғи газбен қамту – 98%-ды құрайды. Жоспарланған жобалар жүзеге асқан соң, барлық тұрғындар толықтай табиғи газға қол жеткізетін болады.
Кәріз жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы бес елді мекенде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған болса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар «Тұран» және «Мирас» шағынаудандарында жалғасуда. Аталған жобалар аяқталған соң аудан бойынша кәріз жүйесіне қосылу деңгейі едәуір артады.
Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылған. Қаратау ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың 97%-ы жылу жүйесінің қысым сынағынан (опрессовка) сәтті өткен. Бұл көрсеткіш аудандағы инженерлік инфрақұрылымның тұрақты және сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Алмас Абаев өз сөзінде ауданның барлық бағыттарында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті: «Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жетілдіру және әлеуметтік нысандардың сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету. Қаратау – жас әрі әлеуеті зор аудан. Сондықтан барлық салада өсім мен даму қарқыны жоғары деңгейде болады», – деді әкім.
