Жол инфрақұрылымы – кез келген елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды элементі. Жақсы жолдар тек транспорт қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдық және қалалық аймақтарды байланыстырады, тауарлар мен қызметтердің уақытында жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Түркістан қаласында да жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл қалалық және аудандық жолдар бойынша көптеген көшелерге орташа жөндеу жүргізіліп, көлік қатынасының сапасы мен қауіпсіздігі арттыру жоспарланған.
Түркістан қаласы аумағында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қала аумағында 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін жетеді.
Қазіргі таңда Б.Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын көше бойында құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен атқарылмақ. Бүгінгі күнге дейін 850 метр жол негізі әзірленіп, 700 метр аумақта ескі асфальт жабындысы фрезерленді. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған.
Түркістан қаласы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қатаң бақылауда.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары – өңір инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам. Жұмыстар толық аяқталған соң, жол сапасы едәуір жақсарып, тұрғындардың күнделікті өмірі мен экономикалық қатынасы оң әсер алады.
