200 төсек-орынды жаңа перинаталдық орталық салынады

200 төсек-орынды жаңа перинаталдық орталық салынады

Шымкент қаласында 200 төсек-орынға арналған жаңа қалалық №2 перинаталдық орталықтың құрылысы ресми түрде басталды. Ақжайық шағынауданындағы болашақ нысанның құрылыс алаңында капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Салтанатты рәсім барысында мегаполис басшысы жобаның әлеуметтік маңыздылығын және қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлін атап өтті.

«Заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған инвестиция. Біздің басты міндетіміз – аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап, сапалы және жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, ана мен баланы қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған. Жаңа медициналық нысан салу қажеттілігі қала халқы санының тұрақты өсуімен байланысты.

Шымкент қаласы елімізде туу көрсеткіші жоғары өңірлердің қатарында тұрақты көш бастап келеді. Қазіргі таңда қала халқының саны 1,29 млн адамнан асады. Соңғы үш жылда балалар саны шамамен 10%-ға артып, 500 мың адамға жетті. Болжамдарға сәйкес, 2035 жылға қарай мегаполис халқының саны 1,85 млн адамнан асуы мүмкін.

Қазіргі уақытта қалада жалпы 508 акушерлік төсек-орны бар төрт профильді медициналық мекеме шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Орташа жүктеме нормативтік көрсеткіштен асып, 106 пайызды құрайды.

Халықтың демографиялық өсімі ескеріле отырып, халықаралық стандарттарға сай медициналық көмек көрсететін III деңгейлі перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылданды. Жаңа орталық заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмектің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы медициналық мекемелерге түсетін жүктемені азайтып, перинаталдық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ, ана мен сәби өлімін төмендетуге жағдай жасайды. Жаңа перинаталдық орталық Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласындағы негізгі әлеуметтік жобалардың бірі болып, заманауи медициналық инфрақұрылымды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі