Балқаш қаласы тағы да жас зерттеушілер мен сарапшылардың бас қосу мекеніне айналды. Қосымша білім беру инновациялық орталығында 700-ден астам қатысушының басын қосқан екінші «Balkhash STEAM Serpini: Science Day» фестивалі өтті.
Биыл шара ұйымдастырушылары – Орталық Азияның Еуразия Қоры, «Коунрад» Қоры және Балқаш қаласының білім бөлімі – қала тарихында алғаш рет шараны геймификация (ойын түріндегі) форматында өткізді. Оқушылар алдында танымал ғылым насихаттаушысы Улан Усенов, «Teach for Qazaqstan» CEO-сы Гульнара Салмен, экобелсенді Пакизат Сайлаубекова, Қазақстандағы парфюмерия саласы бойынша алғашқы STEAM-жобаның авторы Лейла Утеулиева және суретші Назира Садвокасова сынды танымал қонақтар сөз сөйледі.
Фестивальдің басты интригасы инновациялық идеяларды қорғау болды. 15 жергілікті мектептен келген 19 команда экоинжиниринг, AgroSTEAM, робототехника және деректерді өңдеу бағыттары бойынша өз жобаларын ұсынды. Нәтижесінде бес команда өз идеяларын жүзеге асыру үшін «Balkhash STEAM Serpini» жобасынан 1,5 млн теңгеден грантқа иеленді:
- «№1 жалпы білім беретін мектебі» КММ
«EcoPulse: мектеп ортасының цифрлық мониторингі» жобасы
- «№4 жалпы білім беретін мектебі» КММ
«Жасыл Оазис» STEAM-лабораториясы: топырақты регенерациялау және тұрақты көгалдандыру» жобасы
- «Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейі» КММ
«TamshyLife» жобасы
- «Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейі» КММ
«Автономды күн электр қуатымен жабдықтау және тамшылатып суару элементтері бар Smart-жылыжай» жобасы
- «№12 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
«Smart Greenhouse» жобасы
Қаржыландыруға ие болған жобалардың әрқайсысында мектеп оқушылары STEAM-құзыреттіліктерін арттырып, пәнаралық байланыстарды зерттеп, қолданады және эксперименттер жүргізеді. Мысалы, Балқаш қаласындағы №12 мектептің «Smart Greenhouse» жобасында жас зерттеушілер инновациялық STEAM-зертханасын құрады. IT, биология және инженерия салаларын ұштастыра отырып, оқушылар 900 құрдасы үшін жыл бойы экологиялық таза микрозелень өсіретін «ақылды» жылыжайды іске қосады. Жоба болашақ агроинженерлер мен эко-менеджерлерді даярлауға бағытталған, ал алдағы екі жыл ішінде бұл тәжірибе қаланың тағы үш мектебіне таратылып, Қазақстандағы алғашқы «Жасыл мектептер желісінің» негізін қалайды.
– STEAM-тәсілін дамыту біздің мектептерімізді айтарлықтай өзгертті. Сынақтан өткен бағдарламалар мен «Коунрад» Қоры қолдауының арқасында біз мұғалімдерді қайта оқытып, кабинеттерді жабдықтадық. Енді оқушылар теорияны жаттап қана қоймай, қаламыз үшін маңызды нақты жобаларды жасап жатыр, – деп атап өтті Балқаш қалалық Білім бөлімі басшысының м.а. Берлібек Мағза.
ОАЕҚ бағдарламалық директоры әрі жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова қатысушылардың дайындық деңгейі жоғарылағанын айтты:
– Егер өткен жылы біз 281 оқушы мен 67 мұғалімді оқытып, қалалық мектеп білім беру жүйесінде STEAM-бағытының негізін қаласақ, биылғы кезеңінде тәжірибе мен кәсіби бағдар беруге басымдық бердік. Командалар өте сапалы жобаларды ұсынды. Бөлінген гранттар жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға жұмсалады, ал жұмыс нәтижесін оқу жылының соңында бағалаймыз.
Фестиваль барлық жастағы адамдар үшін нағыз мерекеге айналды. Жоғары сынып оқушылары грантқа таласып жатқанда, бастауыш сынып оқушылары мен олардың ата-аналары геймификация картасы арқылы тапсырмаларды орындады. Әр қатысушы өнер мен ғылым, логикалық ойлау, экология және инженерлік эксперименттер бекеттерінде жаңа дағдыларды меңгеріп, тіпті «Балқаш болашағының» жобасын сызды. Қатысушылардың ілгерілеуі Telegram-бот арқылы тіркеліп отырды, ал шара соңында бағалы сыйлықтар ойнатылды.
«Balkhash STEAM Serpini: Science Day» қала өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, балалар мен ата-аналарды XXI ғасыр жастарына қажетті қолданбалы білім идеясының айналасына біріктірді.
Елена Гаркава
