Болашақ жастардың қолында. Жастық шақтың күш қайратын егемінді елдің өркендеуіне, дамауына, өсуіне жұмсау бүгінде қойылатын басты талап. Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толды. Сол тарихи жылдың жастары қазір қанатын қатайтып қарыштап дамыған заманның ағымында өз орындарын тапты. Осындай жастардың бірі азат елдің құрдасы Ильяс Алдабергенов. Ильяс Алдабергенов 1991 жылы 20 наурызда дүниеге келген. Жастайынан спортты серік еткен ол дзюдодан өткен талай тартысты жарыста жүлделі орындардың тұғырынан көріне білді. 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен өткен жарыста 1-орынға және аудан аралық жарыста 1-орынды иеленген. Өрт сөндіру қызметіне орналасқаннан кейінде түрлі жарыстарға қатысып, үздік бола білді. 2016 жылы құқық қорғау органдарының ТЖД ведомстволық бағынышты бөлімшелер арасында өткізілген қазақша күрес жарысында 80 кг салмақта 1-орынға, 2018 жылы қазақша күрес жарысында 3-орынға, 2021 жылы самбо күресі жарысында 1-орынға және қазақша күрес жарысында 2-орынға ие болды. Қазіргі кезде өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің инженері қызметін атқаруда. Әрдайым өзінің белсенділігімен ерекшеленген жас маман тілсіз жауды ауыздықтауда алдына жан салмайды. Осындай қайсарлығы үшін тіпті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Егемендіктің басты жетістігі-еліміздің ертеңі жастар. Осындай білікті, белсенді, әрбір ісіне салмақты жастар еліміздің жарқын болашағының айқын дәлелі.
К. Арсланов азаматтық қорғау подполковнигі Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы