Қазіргі қоғам — түрлі ұлттар мен мәдениеттердің, әртүрлі көзқарастар мен дәстүрлердің тоғысқан ортасы. Адамдардың тілі, діні, мінезі мен өмір сүру салты әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Сондықтан «Біз әртүрліміз – бірақ біргеміз» деген ұғым бүгінгі таңда ерекше маңызға ие.
Әртүрлілік — қоғамның байлығы. Әр халықтың өзіне тән мәдениеті, өнері, салт-дәстүрі болады. Осындай ерекшеліктер адамдардың дүниетанымын кеңейтіп, бір-біріне деген құрметті арттырады. Егер адамдар бірін-бірі түсініп, сыйлай білсе, қоғамда татулық пен келісім орнайды.
Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Елімізде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл — халқымыздың кеңпейілдігі мен бірлігінің айқын көрінісі. Әр азаматтың ұлтына, тіліне немесе дініне қарамай, барлығына бірдей құрмет көрсету — өркениетті қоғамның белгісі.
Бірлік адамдарды жақындастырады. Қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсету, ортақ мақсат жолында жұмыла әрекет ету — елдің дамуына әсер ететін маңызды қасиеттер. Бірлігі мықты ел ғана болашағын нық қалыптастыра алады.
Толеранттылық — бейбіт өмірдің негізі. Өзгелердің пікірін сыйлау, ерекшеліктерін қабылдау, түсіністік таныту — әр адамның бойында болуы тиіс қасиеттер. Өйткені адамдардың әртүрлі болуы — табиғи құбылыс. Ал сол айырмашылықтарды сыйлай білу — адамгершіліктің белгісі.
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясында «OPEN TALK форматында: Біз әртүрліміз – бірақ біргеміз» тақырыбында мазмұнды әрі ашық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің «Бірлігіміз – әралуандықта» тұжырымдамасын жүзеге асыру, қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту, өзара құрмет пен түсіністікті арттыру, сондай-ақ жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында өтті.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, «Ассамблея жастары» мен Студенттік Ассамблея өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.
Open talk форматында өткен жиында қатысушылар өз ойларын еркін білдіріп, маңызды тақырыптар мен сұрақтар төңірегінде пікір алмасты. Атап айтқанда,
әралуандылықтың қоғамдағы рөлі, этносаралық қарым-қатынас мәдениеті және бірлік пен татулықтың маңызы кеңінен талқыланды.
Шара барысында қатысушылар «Біз әртүрліміз – бірақ біргеміз» қағидатының бүгінгі қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Ерекше форматтағы ice-breaker, спикерлердің мазмұнды баяндамалары және ашық пікірталас алаңы кездесуге ерекше серпін берді.
Сонымен қатар қатысушылар «Бірлік, татулық үшін мен не істей аламын?» тақырыбында өз ұсыныстары мен тілектерін жазып, ортақ құндылықтарға деген жауапкершіліктерін көрсетті.
Қорытындылай келе, әртүрлі болсақ та, бәріміздің тілегіміз ортақ — бейбіт өмір сүру, бақытты қоғам құру. Бірлік пен татулық бар жерде ғана даму мен өркендеу болады. Сондықтан әрқашан өзара сыйластықты сақтап, бірлікті нығайтуымыз қажет. Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз.
