Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті еліміз үшін тарихи маңызы зор маңызды іс-шаралардың бірі болды деп есептеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, өңір басшылығы мен тұрғындарына алғыс білдіруі – көпшіліктің еңбегіне берілген лайықты баға.
Шынында да, бүгінгі Түркістан күн сайын жаңарып, дамып келе жатқан рухани әрі мәдени орталыққа айналды. Қала көшелерінің тазалығы, заманауи инфрақұрылымы, жасыл желекке бөленген саябақтары шетелдік қонақтардың да жоғары бағасына ие болғаны қуантады. Бұл – өңір тұрғындарының бірлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Президенттің Түркістанды одан әрі дамытуға ерекше назар аударуы – өте маңызды шешім. Себебі Түркістан тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі жұртының қасиетті мекені саналады. Осындай халықаралық деңгейдегі басқосулардың дәл осы қалада өтуі оның беделін арттырып, туристік әрі мәдени әлеуетін күшейте түседі.
Сонымен қатар саммиттің табысты өтуіне атсалысқан азаматтарды марапаттау туралы шешім де көпшілікке үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Әрбір еңбек бағалануы керек. Әсіресе ел абыройы үшін қызмет еткен еріктілердің, коммуналдық қызметкерлердің, құқық қорғау органдары мен ұйымдастырушылардың еңбегі зор құрметке лайық.
Меніңше, бұл саммит Түркістанның халықаралық деңгейдегі беделін одан әрі көтеріп, түркі мемлекеттері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосты.
Жібек Жайлыбаева Ntime.kz АА бас редакторы
