Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту мәселелері талқыланды

Қожа Ахмет Ясауи

2026 жылғы 21 мамырда Түркістан қаласында «TURKISTAN – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты конференция өтті. Ауқымды іс-шараны Түркістан облыстық мәслихаты мен Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі ұйымдастырды.

Бүгінде Түркістан түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі маңызды басқосулар өтетін тарихи мекенге айналып келеді. Жуырда қалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өңірдің халықаралық беделі мен рухани маңызын айқындай түсті.

Осы сабақтастық аясында ұйымдастырылған конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын еліміз бойынша жан-жақты дәріптеу, оны халықаралық деңгейде таныту және Түркістанды түркі дүниесінің рухани әрі туристік орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеберінде өтті.

Конференцияға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары  мен орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық мәслихаттардың төрағалары, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, ғалымдар, сала мамандары, туристік ұйымдардың өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.

Ол өз сөзінде Түркістанның түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызына тоқталып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу – ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев және Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев рухани мұраны сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдегі туризм саласының даму барысы және алдағы жоспарлар туралы ауқымды баяндама жасады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетаев өз баяндамасында Қожа Ахмет Ясауи ілімінің рухани маңызы мен оның қазіргі қоғамдағы орнына тоқталды.

Ал Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев Түркістанның туристік әлеуетін арттыру, халықаралық тәжірибені енгізу және туризм саласына білікті мамандар даярлау мәселелерін көтерді.

Конференция барысында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева және Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов сөз сөйлеп, өңірлердегі туризмді дамыту тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын қорытындысы бойынша Түркістанның туристік әлеуетін арттыру, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ел арасында дәріптеу бағытында бірнеше ұсыныстар қабылданды.

Конференция соңында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов қатысушыларға алғыс білдіріп, мұндай маңызды бастамалар Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Түркістан облыстық мәслихаты