Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы Сайрамда жалғасты

Салауатты сана

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы – қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталған тәрбиелік және ағартушылық бастама. Жоба жастар мен отбасылар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Түркістан облысында жоба аясында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, жастармен пікірталастар және тәрбиелік іс-шаралар өткізіліп келеді.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы аясындағы көшпелі отырысы Сайрам ауданында өтті.

Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Кездесу барысында нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық, жастар тәрбиесі және отбасы институтын нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төлебекқызы Тоққұлова «Салауатты сана» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобаларының аудан, қалаларда жүзеге асырылуы бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев Халықтық Конституцияның маңыздылығы мен оны кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар туралы айтты.

Сонымен қатар Сайрам аудандық филиал басшылығы мен ҚХА мүшелері де өз пікір ортаға салды.

Отырыста «Салауатты сана» жобасының нашақорлық және тұрмыстық зорлық-зомбылық бағыттары бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті аудандық басқармасының өкілдері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шара барысында сөз алған спикерлер жас ұрпақ тәрбиесінде отбасының, әсіресе ананың рөлі ерекше екенін атап өтті. Отбасындағы дұрыс тәрбие мен ұлттық құндылықтарға негізделген өнеге жастардың саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал ететіні айтылды.

Сондай-ақ кездесуде салауатты өмір салтын ұстану, білім мен еңбекке ұмтылу, зиянды әдеттерден аулақ болу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және қоғамдық жауапкершілікті арттыру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

«Салауатты сана» жобасы қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға, отбасы институтын қолдауға және әлеуметтік кеселдердің алдын алуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Осындай кездесулер тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға да өз үлесін қосады.

Жиын соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жобаның қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Салауатты сана» жобасы алдағы уақытта да өңір тұрғындары арасында кеңінен насихатталып, игі бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек.