Медиация – қоғамдық татулықтың маңызды тетігі

Медиация

Қазіргі қоғамда қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік татулықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – медиация институты. Ол даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге, тараптардың өзара келісімге келуіне және қоғамдағы сенімді нығайтуға бағытталған тиімді құрал ретінде кеңінен қолданылып келеді.

Медиация – бұл үшінші бейтарап тараптың (медиатордың) көмегімен дауды сотқа жеткізбей реттеу үдерісі. Оның басты мақсаты – екі жаққа да тиімді шешімге келу арқылы шиеленісті азайту және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау. Бұл тәсіл уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қоймай, адамдар арасындағы қарым-қатынасты да сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда медиация институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қоғамда туындайтын отбасылық, еңбек, тұрмыстық және өзге де дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жауапкершілік сезімін күшейтеді.

Медиацияның тағы бір маңызды қыры – ол қоғамдағы сенім мен түсіністікті нығайтады. Тараптар арасындағы кикілжіңді ушықтырмай, ортақ мәмілеге келу арқылы қоғамдық татулықты сақтауға ықпал етеді. Әсіресе отбасы институтын қорғауда, жастар арасындағы түсініспеушіліктерді шешуде және еңбек дауларында медиацияның рөлі зор.

Сонымен қатар медиация сот жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, даулардың тез әрі тиімді шешілуіне жағдай жасайды. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың да бір жолы.

Түркістан қаласындағы «Болашақ» колледжінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің ұйымдастыруымен «Қоғамдық татулық негізі – Медиация» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, медиацияның қоғамдағы маңызын түсіндіру және жастар арасында өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру.

Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшы орынбасары Ерназар Көпжасарұлы Баетов, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев, Медиация кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, колледж жастары және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өзекті тақырыптар төңірегінде ой бөлісті.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшы орынбасары Ерназар Көпжасарұлы Баетов қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда жастардың белсенділігі маңызды екенін атап өтті.

Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев «Жастар және заң: Конституцияны білу – міндет» тақырыбында баяндама жасап, жастардың құқықтық сауаттылығы мен заңды құрметтеудің маңыздылығына тоқталды.

Түркістан облысы ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жанат Пазылбекқызы Таукеева «Әлеуметтік желідегі мәдениет және жауапкершілік» тақырыбында сөз сөйлеп, интернет кеңістігіндегі мәдениет пен жауапкершілік мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, Түркістан облысы ҚХА жанындағы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Данияр Мадиханович Аюпов және Профессор, филология ғылымдарының докторы, Түркістан қаласының құрметті азаматы, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов Медиация арқылы сенім мен сыйластықты қалыптастыру бойынша баяндама жасап, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтудағы медиацияның рөлін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, өз сауалдарын қойып, өзекті мәселелер бойынша ой бөлісті.

Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік – ортақ құндылығымыз. Ал оны сақтау мен нығайтуда жастардың рөлі ерекше.

Медиация – қоғамдық татулық пен тұрақтылықтың берік негізі. Ол тек дауды шешу құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзара сыйластық пен сенімді қалыптастыратын маңызды институт болып табылады.