Қазіргі таңда діни тұрақтылық – қоғамның бейбіт дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің маңызды негіздерінің бірі. Әртүрлі діни көзқарастар мен сенімдердің қатар өмір сүруі адамдар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті талап етеді. Сондықтан қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту әрбір азаматтың, мемлекеттік мекемелердің және діни ұйымдардың ортақ міндеті болып табылады.
Діни тұрақтылықтың басты шарты – діни сауаттылық. Дін туралы дұрыс ақпаратқа ие адам жалған діни ағымдардың ықпалына түспейді және радикалды идеяларды қабылдамайды. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық ұйымдарда ағартушылық жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.
Сонымен қатар, конфессияаралық келісім мен толеранттылықты дамыту қоғамдағы татулықты сақтауға ықпал етеді. Әртүрлі діни бірлестіктердің өкілдері арасында диалог орнату, ортақ мәдени және әлеуметтік іс-шаралар өткізу өзара сенім мен құрметті арттырады. Бұл қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын нығайтады.
Жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу де маңызды. Жас буынға ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қағидаларды және дәстүрлі рухани мұраны насихаттау арқылы олардың теріс идеологиялардың ықпалына түсуінің алдын алуға болады. Отбасы мен білім беру ұйымдары бұл бағытта маңызды рөл атқарады.
Мемлекет те діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды қызмет атқарады. Заң талаптарының сақталуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, экстремизм мен радикализмнің алдын алу шаралары қоғамдық келісімді нығайтуға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда Келес аудандық орталық ауруханасының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Шара қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту, зайырлылық қағидаттарын түсіндіру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытына арналды.
Кездесуге Рүстем Сабыржанұлы — Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы; Медет Халықов — «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры; Зиябек Дінмұхаммед — «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы; Илесов Даурен Оразбайұлы — Келес ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы, Садықов Қалдыбек Бауыржанұлы — Келес ауданы прокуратурасының прокуроры қатысты. Шара барысында мамандар діни экстремизм мен терроризмнің қоғамға тигізетін кері әсерлеріне тоқталып, олардың алдын алуда әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Кездесу өзара пікір алмасу форматында өтіп, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау жолындағы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
