Медиация – қоғамдағы дау-дамайларды бейбіт жолмен шешудің тиімді әрі заманауи тәсілі. Оның басты мақсаты – тараптардың өзара түсіністікке келуіне ықпал етіп, екі жаққа да тиімді шешім табуға көмектесу. Медиация барысында бейтарап медиатор тараптарды тыңдап, келіссөз жүргізуге жағдай жасайды, алайда шешімді өзі қабылдамайды.
Қазіргі таңда медиацияның қоғамдағы рөлі артып келеді. Ол азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да дауларды сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешуге мүмкіндік береді. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдеуге, сондай-ақ адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалуға ықпал етеді.
Медиацияның негізгі қағидаттары – еріктілік, құпиялылық, тараптардың тең құқықтылығы және медиатордың бейтараптығы. Осы қағидаттар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоғамда сенім мен өзара сыйластықты нығайтуға негіз болады.
Қазақстанда медиация институты құқықтық жүйенің маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді. Ол қоғамдық келісімді нығайтып, дау-жанжалдардың өршуіне жол бермейді. Әсіресе отбасылық және көршілік қатынастарда, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлік ортада медиацияның тиімділігі жоғары екені тәжірибеде дәлелденген.
Осы орайда Түркістан облыстық Медиация кеңесінің «Жаңа Конституция жағдайындағы медиация: қоғамдық келісімнің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы отырысы өтті.
Жиынды Түркістан облыстық Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев жүргізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын кеңінен түсіндіру, оның құқықтық мемлекет құрудағы, қоғамдық келісімді нығайтудағы және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызын насихаттау.
Жиын барысында Жаңа Конституция аясында медиация институтының рөлі, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызы, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты сақтаудағы орны жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды жандандыру мәселелері көтерілді.
Отырыс соңында қатысушылар пікір алмасып, Конституция қағидаттарын халық арасында кеңінен түсіндіру және медиация институтын дамыту бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
