Шымкентте 6 айда 36,7 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді

Шымкент қаласында 2026 жылдың алғашқы алты айында тұрғындарға 36,7 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтердің басым бөлігі – 91,6 пайызы электрондық форматта жүзеге асырылған. Қалған үлесі дәстүрлі қағаз түрінде (1,8 млн) және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (1,2 млн) арқылы ұсынылған. Есепті кезеңде көрсетілген қызметтердің 30,7 миллионы жергілікті атқарушы органдарға, ал 6 миллионы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне тиесілі.

Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен заңдылығын қамтамасыз ету бағытында Департамент тарапынан 48 бақылау іс-шарасы өткізілді. Тексерулер нәтижесінде 11 782 заңбұзушылық анықталған.

Заңбұзушылықтардың басым бөлігі, яғни 11 123 факті қызмет көрсету тәртібін сақтамауға қатысты болса, 359 жағдайда қызмет көрсету мерзімдері бұзылған. Сонымен қатар, 173 негізсіз бас тарту фактісі тіркелді. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында мемлекеттік органдарға 121 ұсыным беріліп, олар 100 пайызға орындалды.

Сондай-ақ, сыртқы байқау (қашықтықтан бақылау) аясында 8 811 бұзушылық анықталса, ішкі бақылау шеңберіндегі 44 бірлескен тексеру кезінде 2 688 заңбұзушылық анықталды.

Азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді

Департаменттің басым бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бақылау болып табылады. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 154 өтініш келіп түскен.

Өтініштерді қарау, тексерулер жүргізу және қашықтықтан бақылау шараларының қорытындысы бойынша жалпы 81 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Рұқсат құжаттарын беру мерзімдері мен тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша 6 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынып, бюджетке толық өндірілді.

Бұдан бөлек, өз міндеттеріне салғырт қарап, заңбұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 43 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алдын алу және ағартушылық шаралары

Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілді. Осы орайда «Елге қызмет» арнайы телебағдарламасының 6 шығарылымы эфирге шығып, «Ең алдымен адамдар» оқыту бағдарламасы бойынша 35 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырды. Сондай-ақ халықпен және мамандармен 30 түсіндіру                іс-шарасы ұйымдастырылып, бизнес-процестерді талдау нәтижесінде қызметтерді оңтайландыруға бағытталған 18 ұсыныс Агенттікке жолданды.

Шымкент қаласында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және сапаны бақылау жұмыстары тұрақты бақылауда.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті