«Елтану» жобасы аясында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Абай – адамзаттың ортақ мұрасы» атты мәдени-танымдық кеш өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақтың ұлы ақынының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, оның тағылымды ойларын жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және Абай шығармаларының жалпыадамзаттық маңызын таныту.
Кештің ашылуында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов сөз сөйлеп, Абай мұрасының адамзат үшін маңызына тоқталды.
Мәдени кеш барысында түрлі этнос өкілдері Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін орындап, ақынның шығармашылық әлемін көрерменге таныстырды. Әр этнос өкілдерінің бір сахнада бас қосып, Абай мұрасын бірге дәріптеуі – достық пен қоғамдық келісімнің, мәдени әралуандық пен рухани бірліктің жарқын көрінісі болды.
Кеш барысында Абайдың қара сөздеріндегі білім, еңбек, адамгершілік, әділет тақырыптары қозғалып, оның аудармашылық мұрасы мен әлем әдебиетімен байланысы да кеңінен сөз болды.
Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова Абайдың аудармашылық қырына тоқталып, ұлы ақынның әлем әдебиетін қазақ халқына жақындатудағы еңбегі туралы ой бөлісті.
Кеш соңында Абай мұрасын насихаттауға белсене қатысқан өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға Алғыс хаттар табысталып, олардың шығармашылық еңбегіне ризашылық білдірілді.
Мәдени кештің ерекше сәті – барлық қатысушылардың сахнаға көтеріліп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындауы болды.
Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген өсиеті – бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоймаған ұлы қағида.
Абай мұрасы – ұлтты ұлықтайтын, адамзатты жақындастыратын ортақ рухани қазына.
