«Келес-Абай» қайырымдылық қоры аз қамтылған екі отбасыға баспана сыйлады деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Бұл үйлер қор жетекшісі Диас Абдеевтің бастамасымен және ауданның кәсіпкерлері мен тұрғындарының белсенділік танытуымен тұрғызылды. Қайрымдылық қорының комиссия мүшелері 2 отбасыны аз қамтылған деп танып, аталған баспаналарды ел алдында сыйға тартты. Ошақты және Алпамыс батыр ауылдық округінде пәтер жалдап тұратын аз қамтылған жалғызбасты көпбалалы ана мен көпбалалы мүмкіндігі шектеулі азаматтың отбасы қуанышқа бөленді.«Бұл сәтте ананың жанарындағы қуаныштың көз жасына жүрегі бар адамдардың бәрі тебіренді. Алдағы уақытта осындай қайырымдылық шарасын тоқтатпай, әлі талай мұқтаждарды баспанамен қамтымақпыз. Егер біз әрдайым ынтымағымызды, бірлігіміз бен жанашырлығымызды көрсете білсек, елде қиналған отбасы болмайтынына сенемін», — дейді Келес аудандық мәслихатының жас депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Диас Абдеев.Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев үй салу үшін Біртілек ауылдық округіның орталығынан жер телімін бөліп, қайырымдылық қорының бастамасына қолдау көрсеткен. Құрылыс жұмыстары осыдан төрт ай бұрын басталған.