Елімізде жылдағы дәстүрге сай Отбасы күні мерекесі аталып өтуде.
2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын.
Отан әрбір шаңырақтан басталады. Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, балаларын сүйеді. Осы сүйіспеншілік айналасындағы адамдарды, туған-туыстарын жақсы көруге, бауыр тартуға ұласады. Мұның арғы жағында Отан деген үлкен ұғым шығады. Осы үлкен шаңырақтың уығын ұстап тұрған «үлгілі отбасының» бірі деп Ниязқұловтар отбасын айтуға болады. Отбасының түтінін түзу, шаңырақтың шайқалмай тұруының себебі, осы үйдің қазыналы қарты Үмен батасының арқасында. Отағасы Ниязқұлов Үмен (83 жаста) 40 жылдан астам уақыт ауыл мектебінде мұғалім, директор болып еңбек еткен. Зайыбы Ниязқұлова Баян (80 жаста) 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Аға буынның педагогикалық қызметін балалары мен немерелері жалғастыруда. Әулеттің 3 буынының жалпы педагогикалық өтілі – 198 жыл. Ерлі-зайыптылар 62 жыл бірге өмір сүріп келеді, 12 бала, 32 немере, 20 шөбере тәрбиелеп-өсіріп отыр.
Осындай жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі. Себебі өнегелі отбасы – елдің тұтқасы.
2018 жылы ауданымыздан Ниязқұловтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық, республикалық турының жеңімпазы атанды.
Отбасы мүшелері білім және құқық қорғау саласында абыройлы еңбек атқарып келеді. Әулет ауданға, облысқа танымал, қоғамдық жұмыстар мен ауданның мәдени-көпшілік, қоғамдық барлық шараларында белсенділік танытады. Отбасылық ұстанымдары — халыққа қалтқысыз қызмет ету; Немерелері де ата-ана, ата-әже жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдауға бет бұрған. Болашақта Ұстаздар династиясы өсіп, танылады. Құқық қорғау саласында еңбек атқаратын отбасы мүшелерінің жетістіктері көп. Ауданға танымал, ынтымақты отбасы-көпке үлгі, ауылдық, аудандық барлық іс-шараларда белсенді ұйымдастырушы. Ауылдың көркеюіне отбасы атынан жиі демеушілік көмек көрсетіп, аз қамтылған отбасы балаларына қамқорлық танытып жүр.
Берекелі үйдің шамшырағы Ниязкулов Нурлыхан Уменович Ақбабай кентінде шахтер боп қызмет атқарса, жұбайы Абдикалыкова Шолпан Маратовна аудан орталығындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінде 2 ұл, 1 қыз, 3 немересін тәрбиелеуде.
Отбасы — адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Т.Рысқұлов ауданы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп