Қазіргі таңда мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету мен клиентке бағдарлану мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы, қолжетімділігі және ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы ретте, Қазақтан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Есепті кезеңде Шымкент қаласы бойынша барлығы 36 720 116 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Көрсетілген қызметтердің 92 пайызы электронды түрде рәсімделген. Бұл – тұрғындардың кезекте тұрмай, цифрлық форматты барынша тиімді пайдалана бастағанын көрсетеді.
Дегенмен, дәстүрлі қағаз түрінде де және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да халыққа қажетті көмек көрсету жұмыстары өз деңгейінде атқарылуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік корпорацияға қарасты 9 халыққа қызмет көрсету орталығы және 1 байланыс орталығы халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.
Мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Департаментке жеке және заңды тұлғалардан 231 жолданым түскен. Оның ішінде жүргізілген тексеру нәтижесімен 48 тұлғаның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіштер әрбір азаматтың арыз-шағымы қатаң бақылауға алынып, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға оң әсері болатыны сөзсіз.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында департамент тарапынан жүйелі түрде бақылау шаралары жүргізіледі. Жыл басынан бері барлығы 81 тексеру ұйымдастырылған. Жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде 18 039 бұзушылық анықталып, жауапты тұлғаларға ұсыну енгізілді. Нәтижесінде 586 адамның құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстіне сәйкес 8 әкімшілік іс қаралып, жалпы сомасы 562 250 теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен мерзімін бұзғаны үшін 62 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Департаменттің басты мақсаты – қызмет алушылардың сапалы мемлекеттік қызмет алуын қамтамасыз ету және көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұл бағыттағы бақылау-профилактикалық жұмыстар мен жүйелі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
________________________________________________________________
Мақала авторы:
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы
Қансейіт Ардақ
