«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымы төрағасының орынбасары Валентина Ващенко Халықаралық гуманитарлық техникалық университетінің ұжымын кәсіподақ мүшелігіне тарту мақсатында кездесу өткізді. Кездесуге университет ректоры Акмалдин Ажидинов, педагогтер және техникалық қызметкерлер қатысты.Кездесуде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподаққа мүше болған қызметкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жайында баяндады.Бауыржан Ілімшеұлы кәсіподаққа мүше болған жағдайда кәсіподақтар тарапынан еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу, медиация жұмыстарын жүргізу жайда бақылауда болатынын жеткізді.Сондай-ақ, жиында пилоттық жоба Электрондық кәсіподақ билеті бойынша ақпарат берілді. Электрондық кәсіподақ билеті – кәсіподаққа мүшелікті куәландыратын жеке сандық карта. Билет кәсіподақ мүшеслеріне кәсіподақ ұйымдары серіктестерінің желісінде тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер түрінде преференциялар алуға мүмкіндік береді. ЭКБ барлық кәсіподақ ұйымдары үшін бірыңғай түрге ие. Басым серіктестер: Авто жанармай бекеттері, супермаркеттер, автобус парктері, дәріханалар, спорттық және сауықтыру мекемелері және т. б. желілері. Электрондық кәсіподақ билеті оны алған сәттен бастап пайдалануға дайын және қосымша белсендіруді талап етпейді. Бұдан кейін, Бауыржан Ілімшеұлы қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелеріне арналған ресми қосымша SMART KASIPODAQ бойынша ақпараттандырды. SMART KASIPODAQ қосымшасын Play Market қосымшасынан жүктеуге болады. SMART KASIPODAQ:- елдің барлық кәсіподақтарын;- әр кәсіподақтың қызметі туралы жедел ақпарат;- еңбек қатынастары мәселелерінде онлайн көмек;- кәсіподақ қызметтерін пайдалану;- еңбек мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық ақпараттар;- бүкіл ел бойынша серіктестерден жеңілдіктер алуға арналған маркетингтік құралдарды қамтиды.Кездесу барысында Бауыржан Ілімшеұлы қызметкерлерге ҚР Кәсіподақтар федерациясының қатысу үлесі бар шипажайларына баратын кәсіподақ мүшелерінің сауықтыруын және оқытуын біріктіруге бағытталған «Ем ал! Дем ал! Білім ал!» жобасымен кеңінен таныстырды. Жоба аясында кәсіподақ мүшелері 10 күн ішінде қазіргі заманға сай оңалту процедураларын қабылдайтынын әрі Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінен жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіне қатысты 10 түрлі тақырып бойынша дәріс алатынын мәлімдеді.Білім беру-сауықтыру жобасы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында пилоттық режимде жуырда іске қосылады. Ал 2022 жылдан бастап тың тәжірибе кәсіподақтық шипажайларға таратылады. ҚРКФ жоба арқылы бір күнтізбелік жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесін қамтуды жоспарлап отыр.Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасы»-ның жұмысына тоқталып, қандай да бір мәселе төңірегінде заңгерлердің көмегіне жүгініп, тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді. Осынау шаралар кәсіподақ мүшелері үшін қолға алынғанын мәлімдеп, кәсіподақ мүшелеріне «Заң клиникасы» туралы ақпараттық кітапшалары таратылды.Кездесуде сөз сөйлеген Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымы төрағасының орынбасары Валентина Ващенко Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің ұжымдық шарт тарауы бойынша ұжымдық шарттың тараптары, ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібі, ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы, ұжымдық шарттың қолданылу мерзімдері, аясы және тараптардың жауаптылығы, сондай-ақ жеке еңбек дауын қарау тарауы бойынша жеке еңбек дауын қарау тәртібі, жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімдері, жұмыскерді жұмысына қайта алу мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қызметкерлердің сұрақтарына жауаптар берді.Кездесу соңында Халықаралық гуманитарлық техникалық университетінің ұжымы бірауыздан кәсіподақтар қатарына қосылатынын айтып, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымын сайлады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, Гүлзада Абишева сайланды. Сонымен қатар, тексеру комиссиясының құрамына 7 адам дауыс беру нәтижесінде бекітілді. Университетте қызмет ететін 290 қызметкер кәсіподақ құрамына тартылды.
Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы